$ 474.63  544.5  5.92

«Шок болғаннан қозғала алмай қалдым»: Нұрай Серікбай ісінде куәгер жауап алынды

Индира Беркінбаеваның айтуынша, шабуыл шамамен екі минутқа созылған.

Фото: Казинформ
Фото: Казинформ

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты іс бойынша басты куәгерден жауап алынды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Іс қазақ тілінде, ашық форматта қаралып жатыр. Сот процесі онлайн көрсетілмейді. Отырысқа судья Саммидин Теміралиев төрағалық етті. Сотқа мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов, марқұмның әкесі Бауыржан Сағынбек, жәбірленуші тараптың екі адвокаты, айыпталушы Шерхан Аймахан мен оның қорғаушылары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. 28 жастағы сотталушы алқабилердің қатысуымен қаралатын соттан бас тартқан. Сонымен қатар соттың шешімімен оны фото және видеоға түсіруге тыйым салынды.

Алғашқы болып куәгер Индира Беркінбаева жауап берді. Ол өз өміріне қауіптенетінін айтып, жауап беру кезінде айыпталушыны сот залынан уақытша шығаруды сұрады. Судья бұл өтінішті қанағаттандырды.

Куәгердің сөзінше, қайғылы оқиға 11 қаңтар күні кешкі уақытта болған. Ол сырттан көмек сұраған жанайқай естіп, назар аударған. Алғашында жанынан бір ер адам өтіп кеткенімен, арада бірнеше секунд өткенде өзі кері бұрылып, жерде жатқан қызға жақындаған.

– Мен оған тоқтауын айтып, бар дауысыммен айқайладым. «Не істеп жатырсың? Қазір полиция шақырамын!» дедім. Бірақ ол қызға қайта ұмтылып, күртесінің қалтасынан пышақ алып, тағы бірнеше рет соққы жасады. Қатты қорқып кеттім. Шок болғандықтан, қозғала алмай қалдым, – деді куәгер.

Индира Беркінбаеваның айтуынша, шабуыл шамамен екі минутқа созылған. Ол шабуыл кезінде қолданылған пышақты анық көргенін айтып, оның ұзындығы шамамен 15 сантиметр болғанын жеткізді. Сот отырысында қарудың көлемін бүктелген қағаздың көмегімен көрсетті.

Куәгердің сөзінше, шабуыл жасаған адамның өзіне де қауіп төндіруі мүмкін екенін сезген соң, ол көмек шақыру үшін үйіне қарай жүгіріп кеткен.

Индира Беркінбаеваның жауабы аяқталғаннан кейін сотталушы Шерхан Аймахан қайтадан сот залына кіргізілді. Одан кейін сот марқұм Нұрай Серікбайдың ағалары Дінмұхаммед пен Сұлтан Серікбайдың жауаптарын тыңдауды жалғастырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0