$ 476.07  541.86  6.08

Shoqan-ның даулы жарнамасы: бренд алғаш мәлімдеме жасады

Осы жағдайдан кейін Shoqan бренді мен оның иесі Ұлықбек Шәріпов ресми парақшаларында мәлімдеме жариялады.

Фото: Видео скриншот
Фото: Видео скриншот

Отандық ерлер киімін шығаратын Shoqan бренді әлеуметтік желіде қызу талқыланған жарнамалық бейнероликке байланысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұған дейін бренд «Борат» фильміндегі кейіпкердің бейнесі қолданылған видеоны жариялап, қоғамның сынына ұшыраған болатын.

Желі қолданушылары бұл образдың Қазақстан мен қазақ халқын келемеждейтінін айтып, мұндай кейіпкерді жарнамада пайдалануды орынсыз деп бағалады. Кейін бейнеролик өшірілгенімен, оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, көпшілік компанияның әрекетіне қатысты пікір білдірді.

Осы жағдайдан кейін Shoqan бренді мен оның иесі Ұлықбек Шәріпов ресми парақшаларында мәлімдеме жариялады. Онда дау тудырған бейнероликтің бірнеше ай бұрын жарияланғаны және қазір толықтай жойылғаны айтылды. Сонымен қатар компания Борат бейнесін жұрт назарын аудару үшін пайдалануды немесе Қазақстанға, қазақ халқына, ұлттық мәдениетке және мемлекеттік тілге құрметсіздік танытуды мақсат етпегенін мәлімдеді.

«Кез келген адам да, кез келген компания да қателесуі мүмкін. Ең бастысы, қателікті мойындап, одан сабақ алып, қайталамауға тырысу», – деп мәлімдеді бренд өкілдері.

Компания сондай-ақ өздерінің әлеуметтік жобаларына тоқталып, қазақ және ағылшын тілдерінде білім беретін мектеп ашқанын, онда аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың 40 пайызы грант негізінде білім алып жатқанын хабарлады. Бұдан бөлек, контенттің бір бөлігі орыс тілді аудиторияға бағытталғанымен, алдағы уақытта қазақ тіліндегі материалдардың үлесін көбейту жоспарланып отырғанын жеткізді.

Брендтің ресми мәлімдемесі қоғамдағы пікірталасты тоқтатпады. Бірқатар қолданушы компанияның отандық өнім шығаратынын және қателігін мойындағанын оң бағаласа, енді бірі ұлттық құндылықтарға қатысты даулы жарнама жасағаннан кейін әлеуметтік бастамаларын алға тартуын орынсыз деп есептеді.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0