23.07.2026, 21:30

Таразда көзінен айырылған оқушының ата-анасы әділ тергеуді талап етті

Фото: Видеодан скрин, Время

Оқиғадан кейін мектеп басшылығы мен бірнеше қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Таразда аяусыз соққыға жығылып, бір көзінен айырылған мектеп оқушысының ата-анасы тергеудің әділ жүргізілмей жатқанын айтып, оқиғаға қатысы бар барлық адамды жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Время басылымына сілтеме жасап.

Оқиға биыл 14 сәуірде Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясында болған. Анасының айтуынша, бірнеше оқушы жасөспірімді киім ауыстыратын бөлмеге алдап кіргізіп, аяусыз соққыға жыққан. Салдарынан ол сол көзінен толық айырылып, осы уақытқа дейін үш рет ота жасатқан.

Отбасының мәліметінше, іс бастапқыда жеңіл баппен тіркеліп, кейін прокуратураның араласуынан кейін Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі бойынша қайта сараланған. Алайда олар оқиғаға қатысқан барлық адамның әрекетіне әлі күнге дейін құқықтық баға берілмегенін айтып отыр.

Жамбыл облысының прокуратурасы тергеудің аяқталғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, негізгі күдікті екі айға үйқамаққа алынып, қылмыстық іс прокуратураға жолданған. Сонымен қатар жәбірленушіні басқа оқушылардың ұрғаны бойынша жеке қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр.

Оқиғадан кейін мектеп басшылығы мен бірнеше қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.