Оқиға 11 маусым күні құрбысымен бірге QULATAY ат клубына барған кезде болған.
Астана тұрғыны Ақбота Амангелдіқызы әлеуметтік желідегі парақшасында ат клубында болған оқиғадан кейін ауыр жарақат алғанын айтып, өз тәжірибесі арқылы жұртшылықты сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, оқиға 11 маусым күні құрбысымен бірге QULATAY ат клубына барған кезде болған. Ақботаның сөзінше, кешкі уақытта оларға екі жылқы берілген. Құрбысының аты алдын ала дайындалған болса, өзіне берілген аттың ер-тұрманының дұрыс бекітілгенін ешкім тексермеген. Сондай-ақ атты оған нұсқаушы емес, кәмелетке толмаған жасөспірім тапсырғанын айтады.
Бойжеткеннің мәліметінше, серуен кезінде нұсқаушы бірнеше рет атты шабысқа жіберуге рұқсат берген. Үшінші мәрте шауып келе жатқанда ердің тартпасы босап, ер бір жаққа ауып кеткен. Соның салдарынан ол аттан құлап, ауыр жарақат алған.
Ақбота құлағаннан кейін ат клубының қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсеткенімен, ауруханада оның оң жақ тоқпан жілігі сынғаны анықталып, сол түні шұғыл операция жасалған.
Ол операциядан кейін клуб басшылығы бірнеше рет хабарласып, қолдау көрсетуге және көмек беруге уәде еткенін, алайда полицияға арыз жазғанын білген соң байланысын үзгенін мәлімдеді.
Ақботаның айтуынша, қазіргі таңда іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Оның сөзінше, клуб өкілдері қауіпсіздік талаптарының сақталмауын мойындаудың орнына, болған оқиға үшін жауапкершілікті өзіне жүктеуге тырысқан.
Жарақат салдарынан бойжеткен бір жылға жуық қалыпты жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылғанын, ұзақ уақыт оңалтудан өтуге мәжбүр екенін жеткізді. Ол бұл оқиғаны жұрттың аяушылығын тудыру үшін емес, атқа міну кезінде қауіпсіздік талаптарына ерекше мән беру қажеттігін ескерту мақсатында жариялағанын атап өтті.
Ал ат клубының өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдірмеген. Астана қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.