11.07.2026, 09:30

Бүгін - ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының туған күні (ВИДЕО)

Ақын қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында туған.

168 жыл бұрын (1858-1931 ескі күнтізбе бойынша 23 шілде) қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихындағы ірі тұлғалардың бірі Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ дүниеге келді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ақын қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында туған.

Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абайдың қолында тәрбиеленген. Бұл жағдай Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына зор әсер еткен. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білген. Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстанған.

Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанған. Ақынның творчествосы сан-салалығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты. Шәкәрім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына, мазмұнының етене жақындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды.

Абайдың кеңесі бойынша «Қалқаман — Мамыр» дастанын жазды. Сондай-ақ ақынның «Қодардың өлімі», «Крез патша» атты дастандары бар. 1905 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы қажылық сапар шегеді. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Ыстамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқиды.

Осылай жинаған материалдары негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі» кітабын, ислам дінін қазақ мүддесіне үйлестіре түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» атты еңбегін жазған. Американ жазушысы Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың балағаны» романын, Л.Толстойдың «Асрхадон патша», «Үш сауал» т. б. әңгімелерін, А.Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударған. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын нәзира үлгісімен жырлаған. Идеялық мақсат-мұраттары жағынан Шәкерім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытта болған. Бұл орайда 20-шы ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болып, Алашорда қайраткерлерінің еңбегін бағалай білген.