Қаржылық пирамида тәрізді жұмыс іштеін, тек үстеме пайыздан өсетін көбік бір күні жарылады.
Күні кеше Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) елдегі 11 ірі банктің төзімділігін сынайтын кезекті тексеріс қорытындысын жариялады. Атқамінерлердің «уайымға неге жоқ, бәрі бақылауда» деген ресми, сылдыр сөзіне сенсек, мамыражай күн кешіп отырғандаймыз. Бірақ жарты ғасырлық журналистік ғұмырымда мұндай сылап-сипап сипатталған құжаттардың талайын көрдім. Сандарды байыппен сөйлетсек, қаржы секторының сырты бүтін болғанымен, іші түтін екені, кез келген сыртқы сілкініске шыдас бермейтін дәрменсіздігі бірден көзге ұрады. Бұл - жай ғана статистика емес, бұл - сіз бен біздің, яғни қарапайым салымшылардың тағдырына төнген қауіптің нақты көрінісі.
Сандар сөйлейді: Кімнің сирағы майлы, кімнің аяғы дірілдеп тұр?
Ресми мәліметтерге көз салсақ, нарықтағы алпауыттардың дағдарысқа төтеп беру қабілеті мүлдем әркелкі. Тіпті, кейбір есімдері дардай құрылымдардың ішкі саясаты баланың ойынындай құбылмалы.
Егер ертең сыйақы мөлшерлемелері күрт өсіп, портфельдер қайта бағаланса, Freedom Bank активтері бірден 17,2%-ға құрдымға кетеді. Артынша ForteBank (-11,0%) пен Bereke Bank (-9,1%) тұр. Неге? Өйткені бұл құрылымдар оңай олжаға кенелгісі келіп, мемлекеттік бағалы қағаздарға ақшаны үйіп-төккен. Нарықта кірістілік артқанда бұл қағаздардың күлі көкке ұшатынын осы ұйымдардың жоғары ақы алатын сарапшылары білмеді ме, әлде көре тұра тәуекелге барды ма? Бұл - үлкен сұрақ.
Ал несиелік қатерге, яғни қайтпайтын қарыздарға қарсы тұру қабілетін алсақ, Нұрбанк пен Freedom Bank резерв жинауда ең соңғы орындарда қалып қойған. Төтенше жағдай туындаса, бұл екеуінің проблемалық берешектерді жабатын қауқары жоққа тән. Осы үш көрсеткіштің де ең соңында сүйретіліп жүрген Нұрбанктің болашағы тіптен бұлыңғыр.
Әсіресе ForteBank-тің сипаты таңғалдырады: бір жағынан дағдарыста пайыз бен комиссиядан пайда табуды жақсы біледі (капиталға 24,1 пайыздық тармақ қосады), екінші жағынан нарықтық құбылыстарға келгенде ең осал болып шықты. Түсінікті тілмен айтқанда: халықтан комиссия жинауға шебер, бірақ кәсіби басқаруға келгенде дәрменсіз.
Тұтынушылық несие - экономиканың тамырына шабылған балта
Енді реттеуші жасырып-жапқан, бірақ біз айтуға тиіс ащы шындыққа көшейік. Бүгінгі қазақстандық банктер - ел экономикасын алға сүйрейтін локомотив емес. Олар - халықтың мойнына қарыз қамытын іліп, содан үстеме өндіріп отырған кәдімгі өсімқорлар.
Қазір кез келген ұйымның мобильді қосымшасын ашсаңыз, сізге өндіріс ашуға немесе зауыт салуға емес, жаңа телефон алуға, той жасауға, шетелге қыдыруға бес минутта кепілсіз несие береді. Тұтынушылық несиелендіру көлемі жыл санап емес, ай санап өсіп жатыр. Ел ішінде «екінің бірі - қарыз, үштің бірі - мерзімі өткен берешекте» деген сөз тегін шыққан жоқ.
Банктердің бұл әрекеті - бүгінгі күннің пайдасын ойлап, ертеңгі күннің тамырына балта шабу. Халықты жаппай қарызға батыру арқылы олар елдегі инфляцияны жасанды түрде көтеріп отыр. Қалтада жоқ ақшаны несие ретінде тарату тауарлардың қымбаттауына әкеледі. Соңында қаржы алпауыттары миллиардтап таза пайда тауып, дивидендті қалталарына басса, қарапайым халық ай сайынғы табысының жартысынан көбін соларға санап беріп, кедейшілік шеңберінен шыға алмай отыр.
Нақты секторға неге қаржы бөлінбейді?
Әлемдік тәжірибеде банктер - жинақталған капиталды өндіріске, ауыл шаруашылығына, технологияға бағыттап, мемлекеттің дамуына дем беретін институт. Ал біздің екінші деңгейлі банктер отандық кәсіпкерлерді қаржыландырудан қашады. Тәуекелі жоғары дейді, ұзақ мерзімді жобаларды қолдағысы келмейді.
Оның орнына оларға:
1. Қарапайым халыққа жоғары пайызбен тұтынушылық несие тарату;
2. Мемлекеттің (Ұлттық банктің) ноталары мен облигацияларын сатып алып, тәуекелсіз, ештеңе істемей-ақ бюджет есебінен миллиардтарды қалтаға басу әлдеқайда тиімді.
Бұл - дайынға айдар таққандардың психологиясы. Олар мемлекеттің қаржылық қанын сорып, бірақ елдің ішкі өндірісін дамытуға ешқандай үлес қоспай отыр. Нәтижесінде біз сырттан бәрін - азық-түліктен бастап, киім-кешекке дейін импорттайтын елге айналдық.
Реттеушінің дәрменсіздігі мен болашақтың бұлыңғыры
Жоғарыда аталған тексеріс қорытындысында ҚНРДА «бәрі жақсы, норматив сақталған, капитал жеткіліктілігі 16,1%-ды құрады» деп жұбатады. Алайда, 2008 жылғы әлемдік дағдарыстың алдында да халықаралық рейтинг агенттіктері мен жергілікті шенеуніктер «БТА Банк» пен «Альянс Банктің» жағдайы керемет деп есеп берген еді. Арты не болғаны бәріміздің есімізде: мемлекет бюджеттен триллиондаған теңге бөліп, банктерді құтқаруға мәжбүр болды. Яғни, банкирлердің қателігі мен ашкөздігінің құнын тағы да қарапайым салық төлеушілер өз қалтасынан өтеді.
Қазіргі жүйе де соған бара жатыр. Сырты жылтыраған құрылымдардың ішінде қайтарылмайтын, «тоқтап тұрған» несиелердің үлесі ресми статистикадан бірнеше есе көп екенін білікті мамандар жақсы біледі. Банктер түрлі айла-шарғылар арқылы бұл мәселені жасырып келеді.
Жарты ғасырлық кәсіби көзқарасыммен айтарым: бұл стресс-тест - банк секторындағы жүйелі дағдарыстың алғашқы белгісі. Банктер халықты қанауды тоқтатып, нақты өндірісті қаржыландыруға көшпесе, ал реттеуші орган олардың еркіндігін шектеп, тұтынушылық несиенің пайызын заңмен төмендетпесе, алдағы уақытта бізді үлкен қаржылық жарылыс күтіп тұр.
Қаржылық пирамида тәрізді жұмыс іштеін, тек үстеме пайыздан өсетін көбік бір күні жарылады. Сол кезде «барлығы нормативке сай» деп есеп берген шенеуніктер тағы да халықтың қалтасына қол сұқпасына кім кепіл? Сақтық керек, ағайын. Нарықтың мақтауына емес, нақты ісіне қарап баға беретін уақыт жетті.