Куәгерлердің айтуынша, оқиға аттракцион жұмыс істеп тұрған сәтте болған.
Қызылорда қаласындағы ойын-сауық саябағында болған ауыр оқиға салдарынан жасөспірім ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сәйкес, аттракционда орын алған төтенше жағдай кезінде бала екі аяғынан айырылып, көп мөлшерде қан жоғалтқан. Қазіргі уақытта дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектің барлығын көрсетіп жатыр.
Осыған байланысты туыстары мен жақындары тұрғындарды қан тапсырып, көмек көрсетуге шақырды.
«Бала екі аяғынан ауыр жарақат алды. Қан кетуі тоқтамай жатыр. Мүмкіндігі бар азаматтардан қан тапсырып, қолдау көрсетуді сұраймыз. Баланы аман алып қалуға көмектесейік», – делінген әлеуметтік желілерде тараған үндеуде.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға аттракцион жұмыс істеп тұрған сәтте болған. Дегенмен қайғылы жағдайдың нақты себептері мен мән-жайы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Оқиғаға қатысты Қызылорда облыстық полиция департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолданды. Құзырлы органдардың жауабы алынғаннан кейін ақпарат толықтырылатын болады.