$ 489.33  566.3  6.74

Алматыдағы 12 жастағы бала өліміне қатысты тың дерек шықты (ВИДЕО)

Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді.

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Алматыда 12 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы dalanews.kz сілтеме жасап. 

Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, Түрксіб ауданында болған қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тәжірибелі тергеушілер мен жедел қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Қазір оқиға орны мен оған жақын аумақтағы бейнебақылау камераларының жазбалары, сондай-ақ іске қатысы болуы мүмкін өзге де цифрлық материалдар зерттеліп жатыр.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, тергеу барысында барлық ықтимал нұсқалар мен жорамалдар тексерілуде.

«Оқиға орны мен оған іргелес аумақтардағы бейнежазбалар, сондай-ақ жағдайдың толық көрінісін қалпына келтіруге көмектесетін өзге де цифрлық деректер қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Қазіргі уақытта барлық нұсқалар мұқият қарастырылып жатыр», – деді ол.

Алдын ала деректерге сәйкес, ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бір кәмелетке толмаған жасөспірім анықталған. Ол ұсталып, мамандандырылған арнайы мекемеге орналастырылды.

Тергеу мәліметтері бойынша, екі жасөспірімнің арасында бұған дейін өзара келіспеушілік болған. Жанжалдың соңы пышақ қолданылған қайғылы оқиғаға ұласқан.

Салтанат Әзірбек қолда бар бейнежазбалар мен хат алмасуларға сүйенсек, қаза тапқан баланың күдіктінің тұрғылықты жеріне арадағы мәселені талқылау үшін барғаны алдын ала анықталғанын айтты.

Сондай-ақ полиция өкілі жәбірленуші тарапқа тергеу барысы мен істің мән-жайы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 12 жастағы мектеп оқушысының көптеген пышақ жарақатынан көз жұмғаны хабарланған болатын. Аталған іс бойынша 13 жастағы жасөспірім күдікке ілінген. Марқұмның туыстары күдіктінің кәмелетке толмағанына байланысты заң алдында толық жауапкершілікке тартылмай қалуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0