$ 487.44  567.38  6.62

Жансақтау бөлімінде жатқан: Таиландта қазақстандық көз жұмды

36 жастағы ер адам ауыр дерттен кейін бірнеше ай бойы өмір үшін күрескен.

Фото: instagram.com/ng.kz
Фото: instagram.com/ng.kz

Таиландта бір ай жансақтау бөлімінде жатқаннан кейін Қазақстанға оралған Қостанай тұрғыны Алексей Вивтоненко қайтыс болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы «Наша газетаға» сілтеме жасап.

36 жастағы Алексей Таиландта жүрген кезінде ауыр дертке шалдығып, бірнеше ай бойы өмір үшін күресті.

«Алексейдің тағдырына мыңдаған адам алаңдады. Көпшілік оның отбасын қолдап, емделуі мен елге жеткізілуі үшін қаражат жинауға көмектесті, жаңалықтарды бақылап, сауығып кетеді деп үміттенді. Өкінішке қарай, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне және ұзаққа созылған күреске қарамастан, кеше Алексей өмірден өтті», – делінген хабарламада.

Биыл ақпан айында Алексей Вивтоненко Пхукет аралында демалып жүрген кезінде ауыр хәлде ауруханаға түскен. Дәрігерлер оған ұйқы безінің 30 пайыздан астамы зақымданған жедел панкреатит пен панкреонекроз, сондай-ақ тыныс алу және бүйрек жеткіліксіздігі диагнозын қойған. Кейін оның жағдайы сепсиспен, бүйректің жедел зақымдануымен және екі жақты пневмониямен асқынған.

Қазақстандық азамат жансақтау бөлімінде бір айға жуық жатқан. Туыстарының айтуынша, Таиландтағы емдеу құны өте қымбат болған. Отбасы Алексейді Қазақстанға медициналық эвакуациялау үшін бір ай бойы әрекет етіп, нәтижесінде ол 18 сәуірде елге оралған еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0