$ 485.34  564.45  6.53

Бектенов: Ірі шаруашылықтар жыл бойғы жұмыспен қамтуды тұрақты жолға қоюы тиіс

Суды ұтымды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Фото: Үкімет
Фото: Үкімет

Премьер-министр ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын мал шаруашылығын дамытуға белсенді тарту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Кеңес жұмысына бизнес пен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатысып отырғанын пайдаланып, мына мәселеге тағы да назар аударғым келеді: ірі шаруашылықтар жыл бойғы жұмыспен қамтуды тұрақты жолға қоюы тиіс. Бұл – сіздерге қойылатын негізгі талаптардың бірі. Мемлекет қажетті қолдауды көрсетуде, бірақ ірі бизнес тарапынан да бірінші кезекте жыл бойғы жұмыспен қамту жөнінде қарсы міндеттемелер күтеді. Ашығын айтайын, егер осы бағытта тиісті шаралар қабылданбаса, біз сіздермен бірге бұдан әрі жұмыс істей алмаймыз, мұндай меншік иелерінен жер телімдерін кері қайтарып ала бастаймыз»,

— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Суды ұтымды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өткен жылы жекелеген шаруашылықтардың егіс құрылымын сақтамауы, әсіресе Түркістан және Қызылорда облыстарында су тұтынудың өсуіне әкелді. Осыған байланысты Премьер-министр су ресурстары және ирригация министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп мәселені бақылауда ұстауды, ылғал көп қажет ететін дақылдар бойынша бекітілген егіс құрылымының сақталуын қамтамасыз етуді және фермерлермен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Өңірлерде су ресурстарын ескере отырып, егіс құрылымын оңтайландыру жүргізілуде. Суды пайдаланудың белгіленген лимиттеріне сәйкес күріш алаңы 20,6 мың гектарға қысқарып, 79,9 мың гектарды құрады. Мақта шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуге баса назар аударылуда: тамшылатып суаруға арналған мақта алаңы 29,8 мың гектарға ұлғайтылып, 79,8 мың гектарға жетті, ал дәстүрлі суаруға арналған алаңдар 12 мың гектарға қысқарды.

Вегетациялық кезеңдегі ауа райы болжамы туралы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев баяндады. «Қазгидрометтің» мәліметі бойынша, осы кезеңде ауа температурасы жоғары болады және жауын-шашын әр жерде әр түрлі жауады. Жалпы алғанда вегетациялық маусымның басталуы қолайлы деп бағаланып отыр. Сонымен қатар, шілде-қыркүйек айларында еліміздің жекелеген өңірлерінде ылғал тапшы болуы мүмкін қаупі бар. Қыркүйек айында жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде нормадан аз, ал Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Абай облыстарының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының шалғай солтүстігінде нормаға жақын деп болжанып отыр.

Бұл ретте вегетациялық маусымға жасалған алдын ала болжам уақыт өте нақтыланып, ай сайынғы мәліметтермен толықтырылып, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен халыққа жеткізілетін болатыны атап өтілді.

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин шаруаларды қаржылай қолдау шаралары туралы баяндады. Биыл АӨК-ті дамытуға 1,2 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған, оның 750 млрд теңгесін егін егу және жинау жұмыстарына бағыттау жоспарлануда. Бүгінгі таңда фермерлер 573 млрд теңге қарыз алған, бұл шамамен 6,8 млн га егіс алқабын өңдеуге мүмкіндік берді. Оған қосымша «Даму» қоры 232 млрд теңгеге 1,7 мың кепілдік берді, соның арқасында аграршылар 273 млрд теңгеге несие ала алды.

«Зенченко и К» шаруа қожалығының директоры Геннадий Зенченко фермерлік қоғамдастық мемлекеттің шаруаларды қолдау бойынша жүргізіп жатқан жұмысын оң бағалайтынын атап өтті. Оның айтуынша, ағымдағы шешімдер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында қолдау тауып, жаңа инвестициялық жобаларға, заманауи өндірістерге және ауылдағы жұмыс орындарына айналуда.

«Шаруалар қоғамдастығы атынан Мемлекет басшысына бүгінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға көңіл бөлініп жатқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Жасалып отырған қолдау тетіктері бизнеске ұзақ мерзімді жобаларға сенімді инвестиция салуға, заманауи технологияларды енгізуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда фермерлерге одан әрі даму үшін барлық қажетті жағдайлар мен құралдар бар. Сонымен бірге, мемлекеттік қолдау бизнестің берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудағы жоғары жауапкершілігін де көздейді»,

— деді Геннадий Зенченко.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0