Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, кинологиялық қызмет пен еріктілер жұмылдырылған болатын.
Талдықорғанда жоғалып кеткен ерекше күтімді қажет ететін баланың денесі табылды. Бұл туралы Жетісу облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
"26 мамыр күні таңғы сағат 05:00 шамасында Қаратал өзенінде жүргізілген ауқымды іздестіру жұмыстары барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен кәмелетке толмаған баланың денесі табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр", – делінген полиция хабарламасында.
Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, кинологиялық қызмет пен еріктілер жұмылдырылған болатын.
Құқық қорғау органдары ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Мамандардың айтуынша, кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдырмау және олардың жүрген жерін бақылауда ұстау осындай қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.