19.05.2026, 14:50

Президент: «Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды»

Фото: Ақорда

Ясауи ілімі Ұлы дала халықтарына жаңа рухани бағыт-бағдар ұсынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық симпозиум барысында Ұлы даланың рухани мұрасы мен Алтын Орда дәуірінің тарихи маңызына кеңінен тоқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Президенттің айтуынша, түркі дүниесінің рухани кеңістігінде Қожа Ахмет Ясауидің орны ерекше. Ол ислам құндылықтарын түркі халықтарының дәстүрлі дүниетанымымен ұштастырып, «түркілік ислам» ұғымының қалыптасуына негіз қалады.

– Ясауи ілімі Ұлы дала халықтарына жаңа рухани бағыт-бағдар ұсынды. Оның хикметтері бүгінгі ұлттық дүниетанымымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Ал Түркістандағы кесенесі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген маңызды тарихи нысан саналады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және өзге де ойшылдардың еңбектері Алтын Орда кезеңінде жаңа серпін алғанын атап өтті. Оның сөзінше, дәл осы дәуірде түркі тілі, ислам мәдениеті мен дала даналығы өзара тоғысып, әдебиет пен руханияттың дамуына ықпал еткен.

Мемлекет басшысы Алтын Орда кезеңіндегі әдеби және музыкалық мұраның бүгінге дейін жеткеніне назар аударып, биыл «Ақсақ құлан» күйіне 800 жыл толатынын айтты. Президент бұл туындыны Ұлы даланың рухани үні әрі халық жадындағы тарихи символ ретінде бағалады.

Сонымен қатар Кетбұға, Асан Қайғы, Шалкиіз, Доспамбет секілді жыраулар мұрасы мен «Ер Едіге», «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын» жырлары түркі халықтарына ортақ мәдени қазына екені атап өтілді.