14.05.2026, 18:20

Биылғы жыл ең ыстық кезең ретінде тарихқа енуі мүмкін - Reuters

Фото: Pixabay

Сарапшылар алдағы айларда климаттық қауіптердің күшеюі мүмкін екенін ескертіп отыр.

Биылғы жыл адамзат тарихындағы ең ыстық кезеңдердің бірі болуы мүмкін. Бұл туралы Reuters халықаралық климат зерттеушілерінің дерегіне сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.

Мамандардың айтуынша, жаһандық температураның көтерілуі орман өрттерінің жиілеуіне және түрлі табиғи апаттардың көбеюіне әкелуі ықтимал. Әсіресе Солтүстік жартышарда байқалатын El Niño климаттық құбылысы жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Ғалымдардың түсіндіруінше, бұл құбылыс кезінде Тынық мұхитының экваторлық бөлігіндегі су беті шамадан тыс қызады. Соның салдарынан ғаламдық температура артып, әлем бойынша ауа райы тұрақсызданады.

Қазірдің өзінде әлемде орман өрттерінің көлемі күрт көбейген. Жыл басынан бері қызыл жалын 150 миллион гектардан астам аумақты шарпыған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20 есе жоғары көрсеткіш.

Табиғи апаттардан ең көп зардап шеккен аймақтардың қатарында Африка мен Азия елдері бар. Сарапшылар алдағы айларда климаттық қауіптердің күшеюі мүмкін екенін ескертіп отыр.