09.05.2026, 17:30

Талдықорғанда көлік қазылған орға түсіп кетті (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Оқиға Жансүгіров пен Русембеков көшелерінің қиылысында болған.

Талдықорғанда жеңіл көлік қазылып жатқан орға түсіп кетіп, оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде кең тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға Жансүгіров пен Русембеков көшелерінің қиылысында болған. Кадрлардан жеңіл автокөліктің терең шұңқырдың ішінде қалғанын көруге болады.

Желі қолданушылары қазылған аумақтың ашық жатқанына наразылық білдіріп, қауіпсіздік шараларының сақталмағанын сынға алды. Кей тұрғындардың айтуынша, бұл маңда жол бірнеше күннен бері қазулы тұрған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші орды байқамай қалған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Оқиғадан кейін коммуналдық қызметтердің жұмысына қатысты сұрақтар көбейіп, “ескерту белгілері жеткілікті болды ма?” деген мәселе қызу талқылана бастады.