Кітапта 1960 жылдан бері батыр жайында жазылған барлық естеліктер мен деректер топтастырылған.
Бауыржан Момышұлының кейде қолөнермен де айналысқанын естіп пе едіңіз? Биыл аңыз адам туралы тың деректер жарыққа шықпақ. Тараздағы «Бауыржантану» орталығының ғылыми қызметкерлері батырдың өмірі мен шығармашылығы туралы кітап жазып, қазір оны баспаға дайындап жатыр. Авторлардың айтуынша, туынды биыл оқырман қолына тиеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы 24KZ сайтына сілтеме жасап.
Кітапта 1960 жылдан бері батыр жайында жазылған барлық естеліктер мен деректер топтастырылған. Сонымен қатар, Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы музейінің қоры да жаңа жәдігерлермен толыққан. Қазір мұндағы экспонаттар саны 500-ден асты.
Ғалым Темірбай Мұқашев Бауыржан Момышұлының еңбектерін 15 жылдан бері зерттеп келеді. Ол 2021 жылы батырдың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы оқу құралын жазып шығарған. Басылымда қаһарманға қатысты тарихи деректер, хаттарының мазмұны, жеке еңбектері, естеліктері мен өлеңдері жан-жақты талданған. Қазір бұл оқулық өңір университеттеріндегі «Бауыржантану» пәнінде оқытылады.
— Тек қана ұлт жолында қажырлы еңбек еткен Бауыржан Момышұлы. Сондықтан біз бұл кісіні әрдайым насихаттап, дәріптеп отыруымыз керек. Бұл келешек жастардың бойында ұлттық намыс, жігер, қайраткерлік пен мақтаныш сезімін қалыптастыру үшін қажет, — дейді Темірбай Мұқашев.
Бауыржантану орталығының қызметкерлері әскери жазушыға қатысты әлі жарық көрмеген тың деректерді іздестіріп жатыр. Мамандардың айтуынша, батырдың 1963 жылғы Куба сапары мен Мәскеудегі әскери академияда оқыған дәрістері әлі күнге дейін құпия сақтаулы.
Ғалымдар биыл даңқты қолбасшы туралы жазылған барлық естелік пен пікірлерді біріктіріп, жаңа жинақ шығаруды жоспарлап отыр.
— Балаларға арналған «Пионер» газетінен бастап, «Социалистік Қазақстан» газетіне дейін Баукең туралы көп жазылды. Өйткені оның бүкіл өмірі мен еңбегі жас ұрпаққа тәрбие беру үшін насихатталды. Біз 1960 жылдардан бергі барлық материалдарды саралап шықтық, — дейді Темірбай Мұқашев.
Авторлардың айтуынша, қажетті қаржы бөлінгеннен кейін естелік жинақ оқырманға жол тартады.
Айта кетейік, былтыр Таразда Бауыржан Момышұлына арналған музей ашылған болатын. Қазір мұндағы жәдігерлер саны 540-қа жеткен. Олардың қатарында батырдың туған жеріне, мектепте оқыған жылдарына, Жуалы аудандық атқару комитеті мен прокуратурада қызмет еткен кезеңіне қатысты құжаттар бар.
Сондай-ақ музейде соғыс жылдары мен одан кейінгі өмірі хронологиялық тәртіппен көрсетілген. Қорда Баукеңнің әскери сейфі, чемоданы, компасы және стратегиялық карталары сақтаулы.
Тілші Мерей Бает музейдегі ерекше бұрыштардың бірі батырдың жұмыс кабинеті ретінде безендірілгенін айтады.
— Мұнда Баукеңнің өзі қолданған заттары қойылған. Жұмыс үстелі, шынар ағашынан жасалған майшамы, шығармаларын жазған баспа машинасы да осында. Ал сөредегі кітаптар — батырдың өзі оқыған туындылар, — дейді тілші.
Бауыржан Момышұлы тек батыр ғана емес, ақын-жазушы, педагог, шежіреші әрі әскери академик болған. Сонымен қатар оның қолөнерге де ерекше бейімі болған.
Экскурсия жетекшісі Құндыз Қырықбайнің айтуынша, Баукең фольгадан ою ойғанды жақсы көрген.
— Бұл кісі сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Өзінің қайшысын қолынан тастамаған. Сол қайшымен фольгадан түрлі оюлар қиған. Жетпіске жуық бір-біріне ұқсамайтын оюлары бар. Біз оларды жоғалтып алмау үшін жібек матаға тоқып сақтап қойдық, — дейді ол.
Бүгінде Бауыржан Момышұлының есімі өңірдегі 10-нан астам ауылға, мектепке, көшеге, оқу орындары мен әскери бөлімдерге берілген. Былтыр аймақта батыр атындағы әскери мектеп те ашылды.
Ұлт үшін еңбек еткен ұлы тұлғаның есімі мен өнегелі жолы ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.