ШҚО Ана мен бала орталығының мәліметінше, барлық үш жағдай да Өскемен қаласында болған.
Шығыс Қазақстан облысында үйде сүндеттелген үш бала ауруханаға түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
ШҚО Ана мен бала орталығының мәліметінше, барлық үш жағдай да Өскемен қаласында болған. Үйде балаларды сүндетке отырғызумен айналыса бастаған азамат тиісті талаптарды сақтамаған. Соның салдарынан қабыну мен қан кету белгілері бар үш науқас ауруханаға жеткізілді.
— Науқастарға медициналық көмек көрсетілді. Бір бала хирургия және урология бөліміне жатқызылды. Ол төрт күн бойы қажетті ем қабылдап жатыр, — деді Ана мен бала орталығының хирургия және урология бөлімінің меңгерушісі Қайрат Рақымжанов.
Дәрігерлер сүндетке отырғызудың тұрмыстық дәстүр саналатынына қарамастан, бұл толыққанды хирургиялық жолмен жасалатынын атап өтті. Ол қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді.
— Кез келген операция асептика және антисептика талаптарын сақтай отырып жасалады. Стационар жағдайында стерильді орта, қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер, науқастың жағдайын барлық кезеңде бақылап отыратын мамандар бар. Мұндай рәсімдерді медициналық емес жағдайда жасау асқынуларға ғана емес, инфекция жұқтыру қаупіне де әкеліп соғуы мүмкін, — деп ескертті дәрігерлер.
Мамандар ата-аналарды балалардың денсаулығына қауіп төндірмеуге және тек лицензиясы бар медициналық мекемелерге жүгінуге шақырды.