Баршаңызға шын жүректен рақмет!
Сот үкімімен заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деп танылған Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова шешім шыққаннан кейін бейнежазба түсіріп, халыққа үндеу жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ерлі-зайыптылар судья мен прокурорға қабылдаған шешімі үшін алғыс айтып, тергеу кезінде қолдау көрсеткен адамдарға ризашылығын білдірді. Олар істеген істеріне өкініп, оқырмандарын мұндай әрекеттерге бармауға шақырды.
«Біз сот пен прокуратураға қабылдаған шешімі үшін, сондай-ақ қолдау көрсеткен барша жанашыр отандастарымызға алғыс айтқымыз келеді, туыстарымыздың және басқа да адамдардың жылы лебіздерін естіп сезіндік, біз өз қателігімізді түсіндік, оны қайталамаңыздар, баршаңызға шын жүректен рақмет», – деді олар.
Айта кетейік, кеше сәуірдің 27-сі сот блогерлерді қылмыстық жолмен келген қаражатты заңдастырды деп айыпты деп таныды. Осыған байланысты Ерболат Жанәбіловтың мүлкі тәркіленіп, ол 2 жылға шартты түрде сотталды, ал Эльмира Төлегеноваға берілген 2 жылдық жазаны өтеу мерзімі кейінге қалдырылды. Оған қоса жазаға тартылғандар 247 653 229 теңге көлеміндегі материалдық шығынды толық өтеген.