Тұрғындар мұндай қалдықтар жаңбыр суымен өзенге ағып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха қаласында салынып жатқан жаңа аурухана құрылысы қоғамда дау тудырды. Құрылыс алаңынан адам сүйектерінің табылуына қарамастан, жұмыстың жалғасуы тұрғындардың наразылығын күшейткен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Куәгерлердің айтуынша, қазба жүргізілген аумақта адамның бас сүйектері, жақ сүйектері және басқа да сүйек қалдықтары шашылып жатқан көрінеді. Сонымен қатар, сүйек аралас топырақтың ашық жерлерге шығарылуы халықтың алаңдаушылығын арттырған. Тұрғындар мұндай қалдықтар жаңбыр суымен өзенге ағып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Жергілікті тұрғын Елена Медведева бұл жағдайға байланысты билікке ресми түрде жүгініп, құрылысты дереу тоқтатуды талап етті. Оның пікірінше, бұл тек санитарлық талаптарға ғана емес, моральдық нормаларға да қайшы келеді. Сондай-ақ ол тиісті органдар оқиғаға құқықтық баға беруі тиіс екенін атап өтті.
Тұрғындар арасында бұл аумақтың тарихына қатысты түрлі болжам айтылуда. Кейбіреулер мұнда бұрын зират болғанын айтса, енді бірі соғыс жылдары қайтыс болған сарбаздар жерленген болуы мүмкін деген пікірде.
Ал қала әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, тұрғындарды алаңдамауға шақырды. Ресми мәліметке сәйкес, бұл жерде бұрын жерлеу орындары болған, кейін оның орнына инфекциялық аурухана салынған.
Әкімдік өкілдері табылған сүйек қалдықтарының тарихи құндылығы жоқ екенін мәлімдеп, оларды қайта жерлеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары қолданыстағы заң талаптарына сай жүргізіліп жатқаны айтылды.