$ 482.33  557.57  5.74

«Қазақ ұлттық мемлекет болған кезде Күлтегіннің руна жазуына көшеді» — Тұрсынхан Зәкен (ВИДЕО)

"Біз ел боламыз десек ең алдымен тарихи сананы дұпыстауымыз керек". 

Нағыз терең білімді деректанушы, түркітанушы ғалым, профессор Тұрсынхан Зәкен "Qasqa Jol" YouTube арнасында қонақта болып, ел мен қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пікірін ортаға салды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ғалымның айтуынша, ел болудың басты шарты – тарихи сананы дұрыстау. Оның сөзінше, тарихи сана ұлттық сананың негізін қалыптастырады.

"Біз ел боламыз десек ең алдымен тарихи сананы дұпыстауымыз керек. Тарихи сана — ұлттық сананы айқындайтын нәрсе. Қалай ұлттық код, ұлттық сана, бірегейлік қалыптасады егер ұлтыңның тең жартысы басқа тілде сөйлеп жүрсе? Басқаша ойласа, басқа тілде сөйлесе... Балаларды біз өзіміз сол тілде оқытып жатырмыз. Одан кейін бай мен кедейің екі басқа. Байлардың бәрі қазақ тілінде сөйлемейді. Элиталық алаңдардың барлығы басқа ұлттардың қолында. Мектептегі қазақ тілі формалды өтеді, бірақ оған ешкім назар аудармайды. Керек жоқ сияқты. Оған қажеттілік жоқ болып тұр ғой", - деді ол.

Сондай-ақ, түркітанушы қазақ халқының рухани тарихына тоқталып, тәңіршілдік пен исламның байланысы жөнінде өз көзқарасын жеткізді.

"Біздің бабаларымыз тәңірге табынған. Көне ғұн заманында, ғұндардың ұрпағы болған заманда да, түркі заманында да, одан кейін де. Орта ғасырда басқа діндер келді бізге. Христианство келді, зороастризм, буддизм де келген. Бірақ артынан ислам келді. Тәңір мен Құдай ұғымы ол екеуі қазақта бір ұғымда. Мен екеуі бір ұғым деп ойлаймын. Тәңіршілдік — исламға дейінгі сенім. Оны жоққа шығаруға болмайды. Ислам келгеннен кейін екеуін қатар алып жүрдік, әлі де алып келеміз. Қазақ ұғымында тәңіршілдік пен ислам бірге араласып кеткен. Екеуінің де Құдайы көкте. Формасы жоқ Жаратушы. Пайғамбарымыз: түркілерге тиіспеңдер, олар өзі жаймен қабылдайды исламды. Күштемеңдер деген екен. Ислам діні түрік тілі арқылы тараған. Ата-бабаларымыз исламды көшпелі дәстүріне біріктіре отырып қабылдаған. Қазақтың молдасы басын сәлдемен арабша орамаған, тақия киеді ол. Қазақтың шапанын киген. Қазақтың иманы арабтан, парсыдан да жоғары болған кезінде", - деді ғалым.

Ғалым сондай-ақ қазақ жазуының тарихи тамырына тоқталып, руна жазуы жайлы пікір білдірді.

"Біздің түп жазуымыз — руна жазуы. Түптің түбінде Қазақ нағыз ұлттық мемлекет болған кезде Күлтегіннің руна жазуына көшеді. Латын жазуы да жайын қалады. Қазақ осыған көшеді. Себебі корейдің де, жапонның да өз жазуы бар. Еврейдің де, славянның да өз жазуы бар. Бізде неге жоқ? Біздің төл жазуымыз осы. Таластан, Есіктен, Ертістің бойынан табылды. Біз неге бар нәрсемізден қашып, жоқ нәрсеге жүгіреміз?", - деп түйіндеді түркітанушы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0