Қазақта «есектің артын жусаң да мал тап» деген сөз бар.
Талғар қаласының бұрынғы әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы қазір қандай жұмыс істеп жүргенін айтып берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Экс-әкім Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында өзіне такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүргенін айтты.
«Қазақта «есектің артын жусаң да мал тап» деген сөз бар. Үшінші күннен бері күн-түн демей такси жүргізіп жүрмін. Өзімнің көлігім жоқ, көлікті жалға аламын. Үйде отыру мен үшін ұят болды. Бала-шағамды асырау керек болғандықтан бұрынғы әкім такси жүргізушісі болып жүр. Күніне 18 500 теңге жоспар беріледі. Таксиге шыққанда бір-екі адам танып қалды. «Неге бұлай?» деп сұрады. Мен: «Үйде отырып, ештеңе жасамай отыруға намыстандым. Денсаулығым қалпына келді, ойым орнына түсті, күйзелістен арылдым. Әйелім жұмыс істеп жатқанда мен тек теледидар қарап отырсам қалай болар еді?» – деп жауап бердім.
Менде төрт балам бар, ипотекаға алған үйім және әлі аяқталмаған тағы бір үйім бар. Қазіргі уақытта жинаған ақшам да, көлігім де жоқ. Банктің қара тізімінде тұрмын, ай сайын 500 мың теңгені төлей алмай жатырмын. Жалпы қарызым 22 миллион теңге. Асығыстық жасап, қарызға кіріп кеткенбіз. Ешқандай тірегім де жоқ», – деді ол.
Арыстанбек Әбілқайырұлы қызметтен кету себебін де ашық айтты:
«Біріншіден, денсаулығым сыр берді. Екі жыл бұрын әкем қайтыс болды, ол үлкен стресс болды. Аудандық депутат болдым, ал 1 жыл 8 айдан кейін әкім болуға бел будым. Қолымызға үлкен тізгін берілді. Талғар қаласының мәселелері өте көп, халқы 100 мыңнан асады. Барлығы әкімдікке келеді. Бұл жүйкеме қатты әсер етті, ішкі ағзаларымда ауру пайда болды. Емделуге тырыстым, бірақ нәтиже болмады», – деді.
Айта кетейік, Арыстанбек Әбілқайырұлы TikTok-тағы «әкім» ретінде көпшілікке танымал болды. Ол әлеуметтік желіде белсенді болып, қаланы абаттандыру, көшелер мен тротуарларды жөндеу жұмыстарын бейнероликтер арқылы көрсетіп отырды. Көпшілік оның әкімдік кабинетінен, үйінен немесе қызметтік көліктен тікелей эфирге шығып, ашық сұрақ-жауап жүргізгенін жоғары бағалаған болатын.