"Көп адам мені билікті сынайтын адам деп түсінеді".
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек билікті сынау оның негізгі мақсаты емес екенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның сөзінше, қоғамда кей адамдар оны «үнемі билікті сынайтын депутат» ретінде қабылдайды. Алайда ол бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді. Депутаттың айтуынша, өзі биліктің өзін емес, заң нормаларын орындамайтын жекелеген лауазымды тұлғаларды ғана сынға алады. Егер мемлекеттік қызметкер заң талаптарын бұзса немесе өз міндетін дұрыс атқармаса, мұндай жағдайды ашық айту қажет деп санайды.
«Мүмкін мен Құрылтайда болмайтын шығармын. Көп адам мені билікті сынайтын адам деп түсінеді. Бірақ мен үнемі билікті сынай бермеймін. Биліктің ішінде кейбір лауазымды тұлғалар заң нормасын орындамаса, сол кезде ғана мәселені көтеремін», – деді Базарбек.
Оның айтуынша, мұндай ұстанымы үшін кейде өзі де түрлі қысым мен түсінбеушілікке тап болады. Соған қарамастан, депутат заңның сақталуын талап ету – халық алдындағы басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.