Психикалық жағдайына байланысты сот процесіне қатысуға қабілетсіз деп танылған.
Жетісу облысында кәмелетке толмаған баласын ұрып-соқты деп айыпталған 28 жастағы әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Баласына қатыгездік көрсетті деп айыпталған ананың ісі Панфилов аудандық сотында қаралды.
Оқиға биыл 18 қаңтарда Нұркент кентіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада әйелдің шамамен 3-4 жастағы баланы ұрып, тепкілегені көрінеді. Кадрларда баланың жылу батареясына байланып тұрғаны байқалады.
Кейін белгілі болғандай, әйел баласын жуынатын бөлмедегі кранды жауып қоймағаны үшін «жазалаған». Тергеу барысында айыпталушының психикалық ауытқуы бар екені анықталды. Осыған байланысты ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.
Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, әйелге мінез-құлқында айқын бұзылыстары бар, күтім мен емдеуді қажет ететін жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылған. Сарапшылардың мәліметінше, оқиға кезінде ол өз әрекетінің мәнін және қоғамдық қауіптілігін толық түсіне алмаған әрі оны басқара алмаған. Сондай-ақ психикалық жағдайына байланысты сот процесіне қатысуға қабілетсіз деп танылған.
Осыны ескере отырып, сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі ем тағайындау туралы шешім шығарды.
Қазіргі уақытта әйелдің төрт және екі жастағы ұлдары Талдықорған қаласындағы балалар мекемелерінің бірінде тәрбиеленіп жатыр. Алдағы уақытта сот қорғаншылық және қамқоршылық органдары ұсынған материалдарды қарап, балалардың әрі қарайғы тағдырына қатысты шешім қабылдайды.