06.02.2026, 14:30

Temu маркетплейсі Техаста блокталды

Фото: Fox7austin.com

Танымал қытайлық Temu маркетплейсі Техаста блокталды. Енді мемлекеттік қызметкерлер бұл қосымшаны пайдалана алмайды және штатқа тиесілі құрылғыларда аша алмайды.

Техас штатының губернаторы Грег Эббот мемлекеттік қызметкерлерге қытайлық Temu, PinDuoDuo және Shein маркетплейстерін пайдалануды тыйды. Онлайн дүкендермен бірге ол кейбір қытайлық электроника брендтерін де пайдалануды шектеді. Блокқа қытайлық жасанды интеллект қызметтері мен боттар да кірді.

Эббот блоктаудың себебін Техас тұрғындарының жеке деректерінің қауіпсіздігімен түсіндірді. Штат билігі шетелдік мемлекеттердің мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым тұрғындардың деректеріне қол жеткізуін шектеу бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.

«Жасанды интеллект пен басқа қосымшалар мен жабдықтар арқылы пайдаланушылардың жеке деректері жиналып, оларды қолдану, манипуляция жасау арқылы пайдаланушылардың құқықтары бұзылады», – деді губернатор.

Қазіргі кезде АҚШ-та Temu-ға қарсы бірқатар сот істері қаралуда. Маркетплейсті, әсіресе, жеке деректерді заңсыз жинау және пайдалану үшін айыптап отыр.

Аризона штатының бас прокуроры Крис Мэйестің айтуынша, Temu қосымшасы пайдаланушылардың смартфондарында орналасқан геолокация және басқа қосымшалар туралы деректер сияқты «көрсеткіштен тыс көлемде» жеке деректерді жинайды.

Орталық Азиядағы TEMU баспасөз қызметі Техастағы шектеудің TEMU-ны толық блоктаумен емес, мемлекеттік қызметкерлерге қызметтік құрылғыларда бірнеше қосымшаны пайдалануды тыйумен байланысты екенін мәлімдеді. Тыйым салынған компаниялар тізіміне тек TEMU емес, барлығы 26 компания кірген. Олар сондай-ақ TEMU деректерді ең аз мөлшерде жинап, басқа ірі e-commerce платформаларымен салыстырылатын стандарттар бойынша жұмыс істейтінін атап өтті.

Бұған дейін БАҚ Temu қосымшасының қазақстандықтар үшін де қауіпті болуы мүмкін екенін жазған. Бағдарлама тыңшылық функциясын орындай алады, үлкен көлемде жеке деректерді жинап, оларды Пекинге жіберуі мүмкін. Хабарланғандай, Temu өз ана компаниясы арқылы People’s Data компаниясымен тікелей байланысты, ал ол Қытай Коммунистік партиясы мен Орталық комитетінің іс жүзіндегі бөлімшесі болып табылады.

Сонымен қатар, қазақстандық БАҚ бұрынырақ хабарлағандай, Temu қосымшасын орнатқанда ол тым көп рұқсат сұрайды: камераға, микрофонға, контактілерге, геолокацияға, IP-мекенжайға, басқа пайдаланушылармен өзара әрекеттесуге және тағы басқа деректерге қолжетімділік сұрайды. Көптеген рұқсаттар тек сатып алу үшін қажет емес.

Мамандардың айтуынша, Temu құпиялық саясаты жеткіліксіз мөлдір және деректердің нақты қалай пайдаланылатынын толық түсіндірмейді. Сондықтан платформаның пайдаланушы деректерін үшінші тұлғаларға сату немесе беру мүмкіндігіне күдік бар.