11.02.2026, 17:50

Жаңа Конституция жобасында азаматтық құқықтар күшейтілді – Эльвира Әзімова

Фото: Конституциялық сот

Бұл туралы Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Әзімова ХІІ отырыста хабарлады.

Жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тең қамтамасыз етуге, мемлекеттілікті нығайтуға және адам құқықтарын қорғауға бағытталған нормалар енгізілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

– Жобаға азаматтар, құқықтанушылар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар тарапынан мыңдаған ұсыныстар түсті. Оларды жан-жақты зерделеу барысында Конституцияның әрбір баптарына түзетулер мен толықтырулар енгізілді, – деді Эльвира Әзімова.

Оның айтуынша, комиссия жұмысы тек отырыстармен шектелмей, тақырыптық жұмыс топтарында, халықпен кездесулерде және кең талқылаулар арқылы да жүргізілді. Комиссия құрамында әртүрлі сала өкілдерінен құралған 130 азамат бар.

– Азаматтар мен сарапшылардың ұсыныстарының басым бөлігі ескерілді. Кейбір ұсыныстар жобада тікелей көрініс тапса, басқалары мәтіндік нұсқада немесе концептуалды шешімдерде өз әсерін көрсетті. Мысалы, жаңа Конституция жобасында адвокат мәртебесі, меншік құқығының кепілдіктері, мемлекет тарапынан келтірілген зиянды өтеу құқығы, экологиялық қауіпсіздік, азаматтық мәселелер және басқару формалары қамтылды, – деді комиссия төрағасы.

Эльвира Әзімова атап өткендей, комиссия барлық ұсыныстарды халықаралық тәжірибе мен ұлттық мүддені үйлестіре отырып, салмақты шешімдер қабылдауға ұмтылды.

– Қазақ тілінің сапасына ерекше көңіл бөлінді, терминология жаңартылды және қазіргі заң шығару талаптарына сәйкес, алдағы тәжірибеге бағдар боларлық маңызды қадам жасалды. Барлық отырыстар онлайн көрсетіліп, қоғамның ашық түрде қатысуына мүмкіндік берілді, – деді ол.

Комиссия төрағасы жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды қолдайтынын атап өтті.

– Комиссия Президент жанындағы консультативтік кеңес органы болғандықтан, көпшілік пікірді ескере отырып, Мемлекет басшысына пысықталған жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсыну қажет деп санаймын. Референдум әрбір Қазақстан азаматына жаңа Конституция жобасы бойынша өз пікірін білдіруге мүмкіндік береді. Егер Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы шешім қабылдаса, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның миссиясы толық орындалады. Сонымен қатар, комиссия мүшелері өз жұмыстарын әрі қарай жалғастыра береді, – деді Эльвира Әзімова. 

Жаңа Конституция әділеттік пен тұрақтылыққа, қоғам сеніміне негізделуі тиіс. Жоба, сондай-ақ Конституциялық сот жобасымен бірге, арнайы Telegram каналы мен басқа әлеуметтік желілерде жарияланатыны айтылды.

– Жаңа Конституция мемлекеттілікті нығайтып, әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Біз ортақ ниетпен, үлкен жауапкершілікпен маңызды жұмыс атқардық.

Баршаңызға үлкен рахмет. Комиссия жұмысының нәтижесі мемлекет басшысына баяндалады, – деді комиссия төрағасы.