11.02.2026, 17:10

Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтіндері барынша жетілдірілді

Фото: Конституциялық сот

«Қорытынды және өтпелі ережелер» деген 11-бөлімге байланысты.

Конституция жобасында құқықтық нормалардың тұжырымдары анық және олардың мазмұны баршаға түсінікті етіп жазылды. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның ХІІ отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

- Келіп түскен және жұмыс топтарының отырыстарында комсиссия мүшелері енгізген бірқатар ұсыныс «Қорытынды және өтпелі ережелер» деген 11-бөлімге байланысты. Оларды талдау нәтижелері бойынша бұл бөлімде жаңа нормалар қарастырылды. Олар жаңа Конституцияның күшіне ену және қолданыстағы Ата заңның күшін жою мерзімдерін белгілейді. Жекелеген нормалар бір палаталы Құрылтайға көшуді және оның сайлауын өткізуді реттейді. Сонымен қатар бұл бөлімнің нормалары вице-президентті және Конституцияда көзделген басқа да лауазымды тұлғаларды тағайындауға, Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның жаңа құрамдарын жасақтауға арналады, - деді ол.

Оның айтуынша, заңнаманы жаңа Конституциямен сәйкестендіру және еліміздің қолданыстағы құқығының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері де қамтылды. Үкіметке, орталық және жергілікті мемлекттік органдарға ақылға қонымды мерзімде шаралар қабылдау жүктеледі.

- Түйінді түзетулер бірқатар заңға енгізіледі. Ратификацияланған халықаралық шарттар қолданыстағы құқық құрамында қала береді. Конституциялық кеңес пен Конституциялық сот осыған дейін адам құқықтары саласында бірқатар нормативтік қаулы қабылдаған болатын. Олардың заңдық күші Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде сақталатын болады. Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтіндері барынша жетілдірілді. Терминдік және семантикалық бірізділік қамтамасыз етілді. Құқықтық нормалардың тұжырымдары анық және олардың мазмұны баршаға түсінікті етіп жазылды, - деді Бақыт Нұрмұханов.