08.02.2026, 17:00

Макинск қаласында арықпен аққан «қызыл су» тұрғындарды алаңдатып отыр

Коллаж: SN.kz

Куәгерлер күдікті бірден қала маңында орналасқан жылуоқшаулағыш материалдар шығаратын зауытқа аударған.

Ақмола облысы, Бұланды ауданына қарасты Макинск қаласында арықпен аққан судың қызыл-қоңыр түске боялуы жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тұрғындардың айтуынша, мұндай құбылыс алғаш рет тіркеліп отырған жоқ олар бұл жағдайды бірнеше жылдан бері байқап келеді. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда қар басқан аумақтың ортасымен қан түстес судың ағып жатқанын анық көруге болады. Куәгерлер күдікті бірден қала маңында орналасқан жылуоқшаулағыш материалдар шығаратын зауытқа аударған. Оқиға орнына Ақмола облыстық экология департаментінің мамандары барып, тексеру жүргізген. Зерттеу барысында кәсіпорын аумағынан бастау алатын жер қазылған ордан су сынамалары алынған. Сараптама қорытындысы су құрамында ластаушы заттардың шекті мөлшерден бірнеше есе жоғары екенін көрсеткен. Тексеру нәтижесінде зауыттың экологиялық рұқсат талаптарын толық сақтамағаны анықталып, дәлелденген.