08.02.2026, 13:30

Солтүстік Қазақстанда жантүршігерлік жол апаты: Екі адам қаза тапты

Фото: halyqstan

Көлік қарсы жолаққа шығып кеткен. 

7 ақпан күні Солтүстік Қазақстан облысында, Қызылжар ауданына қарасты Карлуга ауылының маңында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды, Sn.kz ақпарат порталы.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, апат сағат 15:10 шамасында Жезқазған–Арқалық–Петропавл тас жолының 927-шақырымында болған. 55 жастағы Toyota Camry көлігінің жүргізушісі Петропавл қаласынан Явленка ауылы бағытында келе жатып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан Shacman жүк көлігімен соқтығысқан.

Соқтығысудан кейін екі көлік те өртеніп кеткен. Жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

Ал жүк көлігінің 37 жастағы жүргізушісі медициналық тексеруден өткеннен кейін ауруханаға жатудан бас тартқан. Оған кеуде тұсының соғылуы диагнозы қойылған.

Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.