05.02.2026, 19:20

Жүргізушінің жүрегі тоқтап қалған: Алматыда 5 көлік соқтығысып, бір адам көз жұмды

Фото: Zakon.kz

Жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 11:30-да Бостандық ауданында болған. 

Алматыда бүгін күндіз Әл-Фараби даңғылында ауқымды жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желілерде жаппай апат болған жерден видео жарияланды. Кадрлардан асфальт үстінде қара түсті үлкен полиэт пакетке оралған адам денесі, жол-көлік оқиғасына ұшыраған жеңіл автокөліктер мен автобус көрінеді.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 11:30-да Бостандық ауданында болғанын мәлімдеді.

«1975 жылы туған BYD маркалы автокөлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта қозғалып келе жатып, денсаулығының күрт нашарлауына байланысты өзімен бір бағытта келе жатқан бес көлікпен соқтығысқан. Олар – Chevrolet, Ford, Subaru, Volkswagen маркалы автокөліктер және Yutong автобусы. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам өзін жайсыз сезінген, болжамды диагноз – жүрек жеткіліксіздігі. Өлім фактісі тіркелді», — деп хабарлады полиция өкілдері.

Оқиғаның өзге мән-жайлары анықталып жатыр.