05.02.2026, 15:50

13 жастағы қызға зорлық көрсеткен: Анасы полицияны айыптады (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Қылмыс шамамен бір жарым жыл бойы жалғасқан болуы мүмкін.

Жамбыл облысына қарасты Шу ауданында 13 жастағы жасөспірім қыздың ересек ер адамның әрекетінен жәбір көргені туралы дерек қоғамды дүр сілкіндірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алдын ала мәліметке сәйкес, қылмыс шамамен бір жарым жыл бойы жалғасқан болуы мүмкін. Құқық қорғау органдары тергеу жүріп жатқанын растағанымен, істің толық мән-жайын жарияламады.

Жәбірленуші тараптың анасы бірқатар даулы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, полиция бөлімінде анасы мен қызды күдіктімен бетпе-бет, «мұрын түйістіре» кездестіруге мәжбүрлеген. Кейін күдіктінің анасы олардың үйіне арнайы барып, ұлын кешіруді сұраған.

Сондай-ақ, әйел аудандық полиция қызметкерлерін ар-намысқа тиетін бейнематериалдың таралуына қатысты да айыптап отыр. Анасының сөзінше, әлгі масқара видеоның таралуына құқық қорғау органдарының қатысы болуы мүмкін.

Қазіргі таңда іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ресми органдар қосымша ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін хабарлады.