Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Шымкентте туған балаларына қорлық көрсеткен әйел ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы хабарлайды.
Әйел ұлы мен қызын аяусыз соққыға жығып, денелерін қызып тұрған үтікпен күйдірген. Қатыгез ана тіпті үлкен қызының шашын күштеп алып, аузына қыздырылған шанышқы басып алған көрінеді.
Жантүршігерлік қорлық көрген балалар қазір әжелерімен бірге ауруханада ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы физикалық тұрғыдан да, психологиялық жағынан да ауыр деп бағалануда.
"Соңғы кездері нағыз сұмдық болды. Ол балаларды қатты ұрып-соғып жүрді, үтікпен күйдірді, темір заттармен сабады. Қошқарата өзеніне апарып, суық суға батырып, кейін үйге қайта әкеліп, ваннада да солай істейтін. Шаштарын қиып, жұлып тастайтын. Бірнеше жерінен сіріңкемен күйдірген. Шанышқыны газға қыздырып, сонымен балалардың аузын күйдіріпті. Немерелерім түнде жылап: “Ұрма, ұрма” деп жалынатын”, – дейді балалардың әжесі Мұхаббат Ергешова.
Ұсталған 29 жастағы әйел – төрт баланың анасы екен. Оның 9 және 11 жастағы екі баласы мектепке баруды тоқтатқаннан кейін, ұстаздары алаңдаушылық білдірген. Тексеру мақсатында үйіне барған мұғалімдер балалардың жантүршігерлік жағдайын көріп, бірден полицияға хабар берген.
"Дүйсенбі күні балалар тағы да мектепке келмеді. Ата-анасы мұны “үш баланың тісі ауырып жүр” деп түсіндірді, сондай-ақ “қыз баланың басында теміреткі бар” екенін айтты. Бұл уәждер бізде күмән тудырды. Сол себепті мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымды және сынып жетекшісін олардың үйіне жібердім. Бұған дейін бұл отбасы бізде есепте тұрмаған, балалар сабақтарды себепсіз қалдырмаған еді”, – дейді №56 мектеп директоры Ұлған Мәмешова.
Балалардың әкесі табыс табу үшін Францияға жұмысқа кеткені белгілі болды. Ол балалардың анасымен ажырасып кеткенін және балалардың қазіргі жағдайына қатты алаңдайтынын айтқан. Ер адам бұрынғы жұбайына қатаң жаза қолдануды талап етіп отыр. Ал бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәліметінше, 4 және 1 жастағы кенже балалар мемлекет қамқорлығына алынған.
"Білім басқармасына қарасты қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі 5–6 маманнан тұратын көшпелі комиссия құрды. Балаларды тексергеннен кейін олардың екеуі бірден ауруханаға жатқызылды. Төрт жастағы және бір жастағы балалар Сәбилер үйіне және Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілді. Қазір анасы тергеу изоляторында қамауда отыр. Балалар аса ауыр күйзелісті бастан кешірген, қазір олармен психологтар жұмыс істеп жатыр”, – деді Шымкент қаласы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айжан Наимбекова.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Балалардың анасы қамауға алынған. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізілуде. Жиналған материалдар әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау үшін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданады.