24.12.2025, 10:40

Абай облысында автобус пен жүк көлігі соқтығысып, 1 адам көз жұмды

Фото: Абай облысы ПД

Алматы-Өскемен автожолында автобус пен жүк көлігі соқтығысты. Жол апатынан автобус жүргізушісі көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу басталды.

«2025 жылғы 23 желтоқсанда шамамен сағат 08:20-да Алматы-Өскемен автожолының 681-шақырымында Yutong маркалы автобус пен КамАЗ-5320 жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Соқтығысу салдарынан автобус жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Үш адам медициналық мекемеге жүгініп, тексеруден кейін үйлеріне жіберілді», – делінген ПД хабарламасында.

Аталған дерек бойынша жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті тергеу әрекеттері мен сот сараптамалары тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеудің өзге деректері жария етілмейді.

«Абай облысының Полиция департаменті жүргізушілерге ескертеді: белгіленген жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықтықты сақтаңыз, қарсы бағытқа шықпаңыз, көлік құралын тек демалып алған жағдайда ғана басқарыңыз. Есіңізде болсын, рөлдегі әрбір әрекетіңіз айналаңыздағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», – делінген хабарламада.