Қазір сот сараптамалары жасалып жатыр.
Астанада үстіне кондиционер құлап, аурухана төсегінде көз жұмған фельдшердің қазасына байланысты екі қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Бүгінгі таңда біз екі қылмыстық іс қозғадық. Біріншісі – сапасыз құрылыс фактісі бойынша. Екіншісі – адамдардың өміріне қауіп төндірген қызмет көрсету фактісі бойынша. Бұл жерде фельдшердің қазасы туралы сөз болып отыр. Қазір Әділет министрлігінің сарапшылары бірқатар сот сараптамасын жасап жатыр. Сонымен қатар Астана қаласының әкімдігі тиісті министрлікпен бірлесіп, арнайы тергеу жүргізуде. Жақын арада акті дайын болады, содан кейін осы қылмыстық іс бойынша міндетті түрде ақпарат береміз», – деді Әділов Мәжіліс кулуарында.
Естеріңізге салайық, биыл 8 қарашада Астанада тұрғын үй кешенінің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, үйінді астында қалған адамдарды құтқаруға барған жедел жәрдем станциясы фельдшерінің үстіне кондиционер құлаған еді. Келіншек ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген. Өкінішке қарай, араға 12 күн салып, 23 жастағы фельдшер қайтыс болды.