17.12.2025, 14:00

Бельгиялық отбасы асырап алған Жәнібек күтпеген жазба жариялады

Фото: Newsroom.kz

Жәнібек бұл жағдайды тәжірибе ретінде қабылдап, Қазақстанға келуден бас тартпайтынын жеткізді.

Қазақстанда биологиялық анасын іздеп жүрген Жәнібек Савельев әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, күзде елге неге келмегенін түсіндірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ол биыл қыркүйекте елге келуді жоспарлаған, алайда тур бағасы қымбат тұрғандықтан, жиналған адам саны жеткіліксіз болып саяхат кейінгі қалдырылған.

“Биыл көпшілігіңіз менен қыркүйек айында Қазақстанға неге келмегенімді сұрадыңыздар. Осы жайтты сіздерге түсіндіргім келеді, бірақ ең алдымен туған жеріме не себепті барғым келгенін айтайын. Біздің отанымыз сондай әдемі – мәдениеті бай, табиғаты керемет, тарихы терең. Мен халқымыз Қазақстанды танып білууге тиіс деген ойдамын және оларға туған жеріміздің әсемдігін паш ететін саяхат ұйымдастырғым келді. Менің арманым бір топ адаммен туған жердің әдемі жерлерін танып саяхаттау және өзім үшін де оның жаңа қырларын ашу болатын. Өкінішке қарай, мен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлаған компания турдың (қонақүй бағасы, жол ақысы) әділ бағасын ұсына алмады, сондықтан тіркелген адам саны жеткіліксіз болды. Бұл жайт мен үшін ауырға соқты, өйткені мен үйіме оралып сіздермен қайта қауышқым келді”, – деп жазды ол.

Жәнібек бұл жағдайды тәжірибе ретінде қабылдап, Қазақстанға келуден бас тартпайтынын жеткізді.

Дегенмен мен бұл тәжірибеден көп нәрсені үйрендім және саяхатты ұйымдастыру идеясынан әлі де бас тартпаймын.  Қымбатты менің отбасым, туған жерім, сіздермен жақын арада көрісеміз деп үміттенемін”, – деп жазды ол.