15.12.2025, 19:00

Шымкенттен Грузияға қатынайтын жаңа рейс іске қосылды

Фото: pexels

Рейстер аптасына 2 рет — дүйсенбі және жұма күндері орындалады. 

15 желтоқсаннан бастап қазақстандық «SCAT» әуе компаниясы Шымкент – Тбилиси бағытында жаңа әуе рейсін іске қоспақшы. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Министрлік ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстер санын арттыру бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр.

"Осы жылдың 15 желтоқсанынан бастап қазақстандық "SCAT" әуе компаниясы "Шымкент" – "Тбилиси" бағыты бойынша Грузияға жаңа әуе бағытын іске қосты", - деп жазылған хабарламада.

Рейстер аптасына 2 рет — дүйсенбі және жұма күндері "Boeing 737 MAX 8" және "Boeing 737–800" типті әуе кемелерімен орындалады.

Ведомство хабарлауынша, аталған әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық және туристік ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал етеді деп күтіліп отыр.