Қалада қолайсыз метеожағдайдың (ҚМЖ) екінші дәрежесі тіркелді.
Шығыс Қазақстан облысындағы экологиялық мәселе ушығып тұр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қалада қолайсыз метеожағдайдың (ҚМЖ) екінші дәрежесі тіркелді. Смог, тұман және түтін біртұтас қабатқа айналып, қаланы толықтай басып қалды.
Осы күні 00:00–17:00 аралығында қаланың №1 және №3 бекеттері орналасқан аудандарында ШРК-ның бірнеше мәрте асуы анықталды. 3 желтоқсан бойынша қалада екі көрсеткіш бойынша артық мөлшер тіркелген: күкірт диоксиді (1,488 есе) және күкіртті сутек (1,813 есе). Тұрғындар ҚМЖ күндері балаларды қашықтан оқыту мәселесін қайта көтерді. Олар сондай-ақ жақында экологтарға берілген құны 65,5 млн теңге болатын мобильді зертхананы да еске алды.
Бұған дейін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл жылжымалы кешен экологиялық қызметтер мен облыстық экология департаментіне ауаның ластану көздерін жедел анықтауға және зерттеулерді нақты уақыт режимінде жүргізуге мүмкіндік береді деп мәлімдеген болатын. Бұл мониторингті тиімді жүргізуді қамтамасыз етуі керек еді. Ал алынған деректер ашық қолжетімді болуға тиіс. Яғни кез келген қала тұрғыны оларды көре алуы қажет.
Алайда тұрғындар әлі күнге дейін бұл мәліметтерді қайдан табуға болатынын білмейді…