13.11.2025, 11:00

Жамбыл облысында оқушылар фастфудтан жаппай уланды

Фото: Pixabay

Оқыс оқиға Байзақ ауданындағы Мырзатай елдімекенінде болған.

Жамбыл облысында санитарлық мекеме оқушылар жеп, уланған бургердің құрамын тексеруде. Оқыс оқиға Байзақ ауданындағы Мырзатай елдімекенінде болған. Бесінші сынып оқушыларының сабақ үстінде кенеттен іштері бұрап, бастары ауыра бастаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

КТК телеарнасының хабарлауынша, Мырзатай ауылында бірден 12 бала өзін жайсыз сезінген. Сөйтсе, үзіліс кезінде балалар мектепке жақын дүкеннен бургер мен сэндивич сатып алып жепті. Салдарынан балалар улану белгісі бойынша ауруханаға жатқызылған.

Қазір олардың жағдайы тұрақты. Ал мектеп маңында мерзімі өткен тамақ саудасына қатысты тексеріс басталды. Санитар мамандар тағамдардан сынама алынып зертханаға жіберілгенін айтады. Жаппай улану дерегіне қатысты қылмыстық іс ашылып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

"Бүгінде балалар үйінде. Оқушылардан жарты сағат сайын мәлімет алып отырмыз. Балалар дін аман. Үш күннен кейін сабаққа шығады", - деді Ерлан Сейдаханов, Байзақ ауданы білім бөлімінің басшы міндетін атқарушы