Барлығы 9 пышақ жарақаты тіркелді.
Ақмола облысында ер адам бұрынғы жұбайына тоғыз рет пышақ сұққаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ер азаматқа қатысты іс қаралды. Ол Қылмыстық кодекстің 24-бабының 1-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша айыпталған.
Сотта анықталғандай, ер адам ас үй пышағын алып, бұрынғы жұбайының жұмыс орнына сөйлесуге келген. Әңгіме барысында екеуінің арасында жанжал туындап, әйел дәретхана бөлмесіне кеткен кезде ер адам оның артынан барып, арқасына пышақ сұққан.
Әйел қашып, басқа бөлмеге кіргенімен, айыпталушы оны қуып жетіп, қайтадан бірнеше рет пышақтаған. Әйел сыртқа қашып шыққанда да ер адам оның соңынан қуып, көшеде тағы бірнеше рет жарақат салған. Барлығы 9 пышақ жарақаты тіркелді.
Көшеде куәгерлер ер адамды ұстап, полиция қызметкерлеріне тапсырған. Сараптама қорытындысы бойынша, ер адамның есірткіге тәуелді екені және мәжбүрлі емделуді қажет ететіні анықталды.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, әйелін қорқытпақ болғанын айтты.
Сот үкімімен ер адамға қатысты 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол жәбірленушінің ем-дом шығынын өтеуге міндеттелді және жазасын өтеу орнында есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі ем қабылдайды, - деп жазылған Ақмола облысы сотының хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.