$ 538.13  624.88  6.64

Қазақстандықтардың жартысы ғана өз мамандығына риза. Неліктен басқалары көңілі толмай жүр?

Қазір ең көп жұмыс күші сауда, көлік жөндеу және қызмет көрсету саласында шоғырланған – 1,6 миллион адам.

Фото: massaget.kz
Фото: massaget.kz

Қазақстандықтар арасында өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, сол іспен шын мәнінде қанағаттанатындардың үлесі артқанымен, қоғамдағы көңіл күй әлі де екіұшты. Ұлттық статистика бюросының наурыз айында жүргізген ауқымды зерттеуінде 12 мыңға жуық азамат өз кәсіби өміріне баға берген. Нәтижесінде халықтың жартысынан сәл астамы — 50,7% өз жұмысына толық риза екенін айтса, тағы 30%-ға жуық адам «жұмыс жаман емес, бірақ бәрі ойдағыдай емес» деген сыңайда жауап берген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда оң өзгеріс бар: қанағаттанғандардың үлесі өскен, ал кәсібіне көңілі толмайтындар 3%-дан 0,9%-ға дейін азайған. Бірақ бір қызығы — әр бесінші респондент мүлде жауап бере алмаған. Яғни, адамдардың едәуір бөлігі өз кәсібін қалай бағаларын да білмейді. Бұл – қоғамда «жұмыс бар, бірақ өз орнымды таппадым» деген ішкі күйдің барын көрсетеді.

Қалалықтар жиі күңкілдейді, ауылдықтар сабырлы

Қала тұрғындары арасында жұмысына разылардың үлесі 49,4%, ауылда — 53,9%. Демек, ауылдағылар аз жалақы алса да, істеп жүрген ісіне көбірек риза. Ал қалада бәрі бар сияқты, бірақ ішкі қанағат сезімі кем. Бұл, бәлкім, мегаполистегі күйбең тіршілік пен жоғары бәсекелестіктің әсері болар.

Ерлер сенімді, әйелдер сақ

Сауалнама көрсеткендей, ерлердің 55%-ы, ал әйелдердің 48%-ы өз кәсібіне риза. Әйелдер арасында «жұмысым жақсы, бірақ…» деп басталатын ой көп: жауапкершілігі жоғары, ал бағалауы төмен. Қызметтегі теңсіздік пен тұрмыстық жүктеменің ауырлығы мұнда өз әсерін тигізбей қоймағаны анық.

Жастар шабытты, зейнет жасындағы жұрт шаршаған

Жастары 29 бен 38 арасындағы азаматтар өз мамандығына ең риза топ болып шықты — 62,5%. Бұл – белсенді әрі еңбек өнімділігі ең жоғары кезең. Ал зейнет жасына таяғандардың арасындағы қанағаттану деңгейі күрт төмендеп, 29,5%-ға дейін түскен. Көп жыл еңбек етіп, тәжірибе жинаған адамдардың өз кәсібіне суып қарауы қоғам үшін ойланарлық жайт.

Ақшасы бар адам ғана жұмысын жақсы көреді ме?

Бюро дерегі бұл сұраққа анық жауап береді: иә, көбіне солай. Өзін материалдық тұрғыдан жеткілікті санайтын азаматтардың 82,6%-ы өз кәсібіне толық риза. Ал аз қамтылғандар арасында бұл көрсеткіш бар болғаны 14,8%. Яғни, ақша тек өмір сүру сапасын емес, жұмысқа деген көзқарасты да түбегейлі өзгертеді.

Мамандығы бойынша істейтіндер азайып бара ма?

Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша елде 9,3 миллион адам жұмыспен қамтылған. Олардың 7,1 миллионы ғана өз мамандығы бойынша еңбек етеді, тағы 1,7 миллионы мүлде басқа салада жұмыс істеп жүр. 531 мың адам тіпті арнайы оқу бітірмеген.

Қалалықтар арасында мамандығы бойынша істейтіндердің үлесі жоғары – 83%, ал ауылда – 64% шамасында. Әйелдер арасында өз мамандығына адал еңбек ететіндер көбірек (77,6%), бұл көрсеткіш ерлерде 74,8%.

Алматы мен Түркістан – еңбек орталығы

Жұмыспен қамтылғандардың ең көбі Алматыда (1,1 млн адам) және Түркістан облысында (818,8 мың адам). Бұл екі өңір соңғы жылдары еңбек нарығының негізгі өзегіне айналып келеді. Ал ең аз жұмыспен қамтылған аймақ — Ұлытау облысы: небәрі 94,7 мың адам.

Сауда мен білім – ең еңбекқор салалар

Қазір ең көп жұмыс күші сауда, көлік жөндеу және қызмет көрсету саласында шоғырланған – 1,6 миллион адам. Одан кейін білім беру (1,2 млн) және ауыл шаруашылығы (1 млн) келеді.

Сумен жабдықтау, экология және жылжымайтын мүлік салаларында еңбек ететіндер ең аз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары