Үш жыл бұрын басталған жөндеу жұмыстары жарты жолда тоқтап, содан бері ешқандай өзгеріс жоқ.
Алматы облысына қарасты Шелек ауылында жол мәселесі тағы да ушықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тұрғындар бірнеше жылдан бері шұрық-тесік көшелермен жүріп, көліктерінің аспасын сындырып, жаяу жүргенде шаң жұтып отырғандарын айтады. Жергілікті халықтың айтуынша, үш жыл бұрын басталған жөндеу жұмыстары жарты жолда тоқтап, содан бері ешқандай өзгеріс жоқ.
«Бижанова көшесі – ауылдың ең орталық жолы. Ең алдымен осы бағыт жөнделуі керек еді, бірақ басқаларына кірісіп, бұл көше қараусыз қалды», – дейді тұрғындардың бірі. Ауылдағы жағдайды бейнелейтін видеолар әлеуметтік желілерде тарап, жүздеген пікір жинаған. Халықтың ашуына жолдың сапасы ғана емес, әкімдіктің үнсіздігі де тиді. «Қайыпова көшесі түгел қираған, инженер де, бригадир де көрінбейді. Әкімдік қайда қарап отыр?» – деп жазады жергілікті тұрғындардың бірі.
Айта кетсек, «АйСуМелиорация» ЖШС су құбырын тартқаннан кейін жолды қалпына келтіруге міндетті болған. Алайда мердігер ұйым дайындалған учаскелерді ашық қалдырып, тек кейбір көшелерде ғана шұңқырларды жамап қойған.
«Неге дәл сол көшелер жөнделді – оны өзіңіз де түсініп отырған боларсыз», – дейді тұрғындар ирониямен.
Жол азабын күн сайын мыңдаған жүргізуші көріп жүр. Әкімдік пен мердігер арасындағы «тіссіз келісімнің» кесірінен Шелек шаңы басылмайтын ауылға айналған. Ал халықтың шыдамының шегі бар – енді олар Президент Әкімшілігі мен облыстық әкімдікке шағымдануға дайын екендерін ашық мәлімдеуде.