$ 541.54  629.16  6.64

Ақтөбе әкімдігінде қағазда бәрі бар, бірақ көшеде жол жоқ

Қағаз жүзінде жол салынған, жарық шамдары орнатылған.

Фото: видео скриншот
Фото: видео скриншот

Ақтөбенің Заречный ауылы биліктің “бәрі орындалды” деген есебіне сенуден қалған. Қағаз жүзінде жол салынған, жарық шамдары орнатылған. Бірақ тұрғындар шындық мүлде басқаша екенін айтады: көшелер лай, жарық шамдары жанбайды, ал жаңбыр жауса, көлік түгілі жаяу жүру мүмкін емес, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Кішкене ғана көшеге қиыршық тас төсеген. Бір жері шұңқыр, бір жері биік, бір тұсы мүлде бос. Осындай істеп алып, “жөнделді” деуге ұялмай ма?» — дейді ашынған тұрғындар.

Восточная көшесінің бойындағы он жарық шам бір жыл бұрын орнатылғанымен, 2025 жылдың наурыз айынан бері жанбай тұр.

Мектепке, балабақшаға бара жатқан балалар батпақ кешіп, шалшық суға батады.

Жасы үлкен тұрғындардың бірі көз жасын тыя алмай:

«Бұл Заречный деген аты ғана, ал шындығында — трущобка! Біз байлық сұрап тұрған жоқпыз, тек жол мен жарық сұраймыз», — дейді.

Халықтың айтуынша, 109 қызметі өтінішті тіркейді, бірақ нақты нәтиже жоқ.

Әкімдік жоспар орындағандай есеп беріп қояды, ал адамдар сол “есептің астында” қалып отыр.

«Тәулік бойы жұмыс істейміз дейді, бірақ бұл — тәулік бойғы имитация ғана. Халықтың жанайқайын естіп отырған ешкім жоқ», — дейді тұрғындардың бірі.

Бүгінде көшеге тек ұсақ қиыршық тас төгіліп, «осымен де бола береді» деген көзбояушылық байқалады.

Тұрғындар әкімдіктен қайта тексеріп, сапасыз төселген жолды жөндеуді сұрап отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары