Бұған дейін желіде ауыл әкімінің балағат сөздер айтып жатқан видеосы тарап кетті.
ШҚО-дағы Зайсан аудандық сотында Шілікті ауылының әкіміне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін желіде ауыл әкімінің балағат сөздер айтып жатқан видеосы тарап кетті.
Жазбада ауыл тұрғындарының кездесуге келіп, әкімнің қызметіне қатысты сұрақтарын қойып жатқанын көруге болады. Әңгіме барысында жанжал туындап, шенеунік балағат сөздер айтты.
7 қазанда облыс әкімдігінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты әкімнен ресми түсініктеме сұралғанын хабарлады.
Сотта анықталғандай, шенеунік 6 қазан күні сағат 15.00 шамасында әкімдік ғимаратындағы өз кабинетінде ауыл тұрғындары мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің көзінше айналасындағыларға әдепсіз сөздер айтқан.
"Сот отырысында азамат Т өз кінәсін толық мойындап, кездесуге қатысушыларға әдепсіз сөздер айтқанын мойындады. Ол өз әрекетіне өкінетінін айтып, көпшілік алдында кешірім сұрады. Әкімшілік құқықбұзушылық куәгерлердің көрсетулерімен, сот отырысында қаралған бейнематериалдармен және оның түсініктемелерімен расталды", – делінген сот хабарламасында.
Зайсан аудандық сотының қаулысымен шенеунік ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 55 048 теңге айыппұл салынды.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.