Қайғылы жағдай биыл 23 ақпанда Мұнайлы ауданында болды.
Маңғыстау облысында көмірқышқыл газынан үш перзентінен айырылған жанұяға тегін экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасына сертификат табысталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Алмасбек Батыров өзінің Instagram парақшасында маңғыстаулық ерлі-зайыптыға ЭКҰ сертификатын беру сәтінен бейнежазба жариялады.
Қайғылы жағдай биыл 23 ақпанда Мұнайлы ауданында болды. Тұрғын үйлердің бірінде 30 жастағы тұңғыш қыз, 16 жастағы ұл және 13 жастағы кенже қыз көмірқышқыл газына тұншығып көз жұмды. Балалардың тәтесі де уланғанымен, аман қалды.
Анасы Күмісай Оралбайқызы сол күні іссапармен Астанада жүргенін айтса, әкесі Айдарбек жұмыста болған. Тергеу нәтижесінде газдың ашық қалып қойғаны анықталды.
Әкесі бастапқыда экстракорпоралды ұрықтандыруға үзілді-кесілді қарсы болғанын жасырмады. Алайда туыстары мен достарының қолдауынан кейін келісімін берді.
Ата-анасының айтуынша, үш перзенті де үлгілі, мейірімді әрі білімге құштар болған. Үлкен қызы екі айлық жүкті болыпты, ұлы колледжде оқыса, кенжесі мектеп оқушысы еді.
“Мұндай қасіретті ешкімнің басына бермесін. Әлі күнге дейін болған жайтпен келісу біз үшін өте ауыр. Бір кездері балалардың шат күлкісі естілген үйіміз қазір қаңырап бос тұр”, – деп бөлісті ерлі-зайыптылар.