1985 жылы туған Құлсары тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Құлсары қаласында тұрғындардың зәресін ұшырған оқиға болды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада белгісіз ер адам көшеде ойнап жүрген балаларға тиіскені айтылған.
«Көшеде баламызға тиісіп жатса да, заң жоқ сияқты. Біреу міндетті түрде өліп, біреу қорлануы керек пе? Өзімізді өзіміз қорғауға тура келетін заманға жеттік», – деп ашынған жазба қалдырды жергілікті тұрғындардың бірі.
Полиция дерегінше, 1985 жылы туған Құлсары тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 8-9 жастағы екі жасөспірімге қатысты заңсыз әрекет жасады деген күдікке ілінген. Тергеу барысында ер адамның II топтағы мүгедек екені анықталды.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Іс Атырау облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау туралы ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.