Базарбек бұл мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға қойған сауалынан кейін көтерді.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек отырыс барысында министрлердің дайындықсыз келетінін қатты сынға алды. Оның сөзінше, халық қалаулылары қойған нақты сұрақтарға министрлер толыққанды жауап бере алмай отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Базарбек бұл мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға қойған сауалынан кейін көтерді. Депутат Қатарда еңбек етіп жүрген қазақстандықтардың жағдайын сұрады. Ресми мәлімет бойынша, бүгінде бұл елде 1 500-ге жуық қазақстандық тұрады, оның ішінде 800-ден астамы еңбек етуде. Негізгі жұмыс орындары – мұнай-газ саласы мен қызмет көрсету секторы. Ерлердің үлесі – 60 пайыз, қалғаны – әйелдер.
Депутаттар екі ел арасындағы келісімді талқылап, қазақстандық жұмысшылардың құқығы қорғалатынын айтқанымен, Базарбек Қатардағы еңбек заңнамасы әлсіз екенін алға тартты. Оның айтуынша, қазақстандық азаматтар еңбек құқығы бойынша түрлі кедергілерге тап болуы мүмкін. Осыған байланысты министр Жақыповадан нақты жауап сұралды, алайда ол мардымды түсініктеме бере алмады.
Бақытжан Базарбек министрлердің дайындықсыз келуі халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге кедергі екенін ескертіп, олардың Мәжіліс отырыстарына мұқият дайындалуын талап етті.