Досымбекованың мәлімдеуінше, бұл әрекетті жасаған — «Қазақмыс» компаниясының қызметкері Алмас Басымбеков, ал оның жары Нәсипгүл Айдынова да сол мекемеде жұмыс істейді.
Балқаш қаласында 8 жастағы бала қатыгездікпен соққыға жығылды деген мәлімет тарады. Оқиға туралы баланың анасы Мадина Досымбекова әлеуметтік желіде жазып, көпшіліктен көмек сұраған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Анасының айтуынша, баласы ауыр дене жарақатын алған.
«Ұлымды аяусыз азаптаған. Бұл — жай ғана күш көрсету емес, азаптауға ұқсайтын ауыр қылмыс. Саусақтарын сындырған, басынан ұрған, денесін күйдірген», – дейді ол.
Досымбекованың мәлімдеуінше, бұл әрекетті жасаған — «Қазақмыс» компаниясының қызметкері Алмас Басымбеков, ал оның жары Нәсипгүл Айдынова да сол мекемеде жұмыс істейді.
Анасы қазіргі таңда істің жабылуына тырысып жатқан әрекеттер бар екенін айтады.
«Күдіктінің туыстары мен таныстары құқық қорғау, медицина және мемлекеттік органдарда жұмыс істейді. Біз ешкімді тікелей айыптап отырған жоқпыз, бірақ тергеуге қысым жасалып жатқанын сеземіз», – деді ол.
Жәбірленуші бала анасымен бірге басқа қалаға қауіпсіздік мақсатында көшіп кеткен. Досымбекова тұрғындардан қаржылай көмек сұрап, банк картасын жария еткен.
«Осы күнге дейін 512 мың теңге жиналды. Мен бөтен қаладамын, жанымда тек анам бар. Ұлым бір қолы гипсте, екіншісі бинтте, жүйелі түрде ем алып жатыр. Мен оны бір сәтке де жалғыз қалдыра алмаймын. Пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Баламның психологиялық жағдайына қатты мән беріп отырмын. Барлығын — тамақтан бастап ойыншыққа дейін — тек оның өзін қауіпсіз сезінуі үшін алып жүрмін», – деп жазды Досымбекова.
Қарағанды облысының полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Тергеу жүргізілуде, қосымша жедел-тергеу шаралары және бірқатар сараптамалар тағайындалды, — деді ведомство өкілдері.