Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданында болған қарулы жанжалдың жаңа мәліметтері жарияланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Фельдшердің дабылы 21:30 шамасында аудандық ауруханадан полицияға түскен. Алдын ала мәліметке сәйкес, қақтығыс Күшаман ауылындағы үйлену тойында басталған. Ауыл жастары мен Мойынқұмнан келген қонақтар сөзге келіп қалған. Той үстіндегі жанжал дереу басылғанымен, ертесінде Күшаман ауылының тұрғыны аудан орталығына барып, мойынқұмдықтардан соққы жеген. Ал тағы бір күн өткен соң оқиға қарулы қақтығысқа жалғасқан.
Жаппай төбелеске дейін Мойынқұм мен Талдыөзек ауылдарының арасындағы дүкен алдында Toyota Camry көлігіне оқ жаудырылған. Видеодан көлікте 45 оқ ізінің қалғаны көрінеді. Оқиға орнынан Volkswagen Golf көлігі де табылған. Екі көлік те иесіз күйде далада қалған. Полиция «Сайга» маркалы 36 калибрлі қарудан атылған 11 гильзаны тәркілеген.
Кейінірек қақтығыс Мойынқұм ауылындағы «Қожахмет» дүкені маңында жалғасқан. Сол жерден тәртіп сақшылары пайдаланылмаған резеңке оқ пен травматикалық тапаншадан атылған екі гильзаны тапқан.
Қашып бара жатқан күдіктілер жол-жөнекей мінген көлікте қару қапшығы мен қан жұққан киім қалдырған.
Іздестірілген көліктердің бірі — Toyota Land Cruiser 200 — «Қара ағаш» жайылымы маңынан табылып, айып тұрағына жеткізілді.
Полиция 1993, 1997, 1998 және 1999 жылы туған төрт ер адамды ұстады. Олардың бірі 2015 жылы бұзақылық пен қару тасымалдағаны үшін сотталған. Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл оқиға бойынша тергеу жалғасуда.