Мәдениет және спорт министрлігі марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Алакөл көлінде қайғылы жағдай тіркелді. Су бетінде жүзіп бара жатқан катер 63 жастағы әйелді қағып кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Салдарынан зейнеткер Галина Сизикова оқиға орнында көз жұмды.
Қайғылы оқиғаға байланысты Мәдениет және спорт министрлігі марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ведомство тергеудің әділ жүріп, кінәлілердің заң аясында жазаланатынына сенім білдірді.
Министрлік бұл оқиғаға қатысты жауапкершіліктің өз құзыретіне кірмейтінін де ескертті. Айтуынша, су көліктерін тіркеу, техникалық байқау және басқаруға рұқсат беру секілді мәселелер басқа мемлекеттік органдарға қарайды.
Осыған орай, министрлік жергілікті әкімдіктерге ресми хат жолдап, су айдындарында қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етті. Мақсат — мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу.