13.05.2025, 10:30

«Мыңдаған өмірді сақтап қалатын шешім»: Аймағамбетов ұл балаларға қатысты мәселе көтерді

Фото: желіден алынды

Оның сөзінше, ВПЧ - тек «әйел вирусы» емес.

Мәжіліс депутаттары өткен аптада Денсаулық сақтау министріне ата-аналар көтерген маңызды мәселені жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарсттық порталы.

Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Ұсыныс - ұл балаларды адамның папиллома вирусына (ВПЧ) қарсы ерікті түрде вакцинациялау бағдарламасына қосу туралы. Қазір Қазақстанда қыз балалар бұл екпені тегін ала алады. Бұл - өте маңызды әрі мыңдаған өмірді сақтап қалатын шешім. Енді осы тәжірибені кеңейтіп, ұлдарға да өз қалауы бойынша мүмкіндік беруді ұсындық», - дейді депутат.

Оның сөзінше, ВПЧ - тек «әйел вирусы» емес. Бұл вирус жатыр мойны қатерлі ісігін ғана емес, жұтқыншақ, ауыз қуысы, тік ішек ісіктеріне де себепші болуы мүмкін, соның ішінде ер адамдарда да.

«Көптеген елде ұл балалар да қыздармен бірге вакцина алып жүр. Біз де осы қадамды жасауды ұсынамыз - ерікті, өз қалауы бойынша, бірақ қолжетімді етіп. Қазір бұл вакцинаны дәріханалардан табу қиын. Сондықтан мемлекет тарапынан оны алу мүмкіндігін жасау - жақсы қадам. Министрлік бұл ұсынысты қолдайды деп сенеміз. Себебі ұлдар да — қауіп тобында. Олардың денсаулығы да назарда болуы тиіс», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.