30.04.2025, 19:20

Елімізде ұл балаларға жаңа вакцина егу жоспарланып отыр

Фото: Pixabay

Министрдің айтуынша, АПВ-ға қарсы екпені тілек білдірушілер үшін ақылы негізде алу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы егуге жататын азаматтар тізімін кеңейту жоспарланып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап. 

Мәжіліс кулуарында министрден 18 жастағы қазақстандық қыздарға болашақта АПВ-ға қарсы вакцина салдыру мүмкіндігі жайлы сұралды. Қазіргі таңда бұл вакцина тек 11 жастағы қыздарға ғана егіледі.

"Бүгінде бұл мәселе депутаттар арасында да, халық арасында да талқыланып жатыр – тек қыздарға ғана емес, ұлдарға да вакцина егу туралы. Жас шектеулерін кеңейтуге қатысты ұсыныстар бар. Халықаралық тәжірибе бойынша бүгінде балаларды 9 жастан бастап егеді. Сіздердің 18 жастан бастап вакцинациялау жөніндегі ұсыныстарыңыз да қарастырылып жатыр. Бұл өте қисынды және дұрыс деп ойлаймын", – деді Ақмарал Әлназарова.

Министрдің айтуынша, АПВ-ға қарсы екпені тілек білдірушілер үшін ақылы негізде алу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

"Ересек тұрғындар тарапынан да осындай өтініштер түсіп жатыр. Былтыр және биыл республикалық бюджеттен нақты контингентке – 11 жастағы қыздарға – қаражат бөлінді. Сондықтан одан жоғары жастағыларға, жынысына қарамастан, қосымша қаражат немесе жұмыс қажет. Бұл мәселе қарастырылып жатыр", – деді ол.

Қазақстандағы АПВ-ға қарсы вакцинация 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанда 11 жастағы қыз балаларға жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында АПВ-ға қарсы ерікті вакцинация басталды.

Екпе мектептердегі медициналық кабинеттерде ата-анасының немесе заңды өкілінің саналы келісімінен кейін жүргізіледі. Ата-ананың қалауы бойынша вакцина тіркелген емханада да салына алады.

Адам папилломасы вирусы (АПВ) — негізінен жыныстық жолмен жұғатын, өте кең таралған вирус. АПВ-дың 100-ден астам түрі бар, олардың көпшілігі зиянсыз және өздігінен жойылады. Алайда кейбір штаммдары жоғары онкогендік қауіпке ие – олар уақыт өте келе жатыр мойны обырына, анус, тамақ, жыныс мүшелері обырына әкелуі мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы ең жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі және 25–44 жас аралығындағы әйелдердің өлімі бойынша екінші орында. Жыл сайын елімізде осы дертке шалдыққан шамамен 1 900 жаңа жағдай тіркеледі. Ғылыми зерттеулер бойынша, жатыр мойны обырына АПВ жұқтыру – негізгі себеп.

Тегтер: вирус вакцина