30.10.2025, 21:30

«Лоббистердің әрекетінен банктер азаматтарды тонап жатыр» - Мұрат Әбенов (ВИДЕО)

Коллаж: SN.kz

"Алаяқтық несиелер үшін ең алдымен банктердің өздері кінәлі". 

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі жазбасында алаяқтық несиелер мәселесін тағы да көтерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Депутаттың айтуынша, банктердің немқұрайлығы мен жауапсыздығы қарапайым азаматтарды, соның ішінде көпбалалы аналарды қиын жағдайға душар етіп отыр.

«Маған жеке қабылдауға келген көпбалалы ананың көз жасын көріп, банктер шектен шығып кеткенін мойындадым. Алаяқтық несиелер үшін ең алдымен банктердің өздері кінәлі», — деді ол.

Мұрат Әбенов бұл мәселе бойынша депутаттық қызметіне кіріскелі бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы екі аптада 100-ден астам азамат жеке қабылдауына келіп, алаяқтық несиеге қатысты арыз түсірген. Ал екі күн бұрын 45-тен астам алаяқтық құрбандарымен кездесу өткізіп, нақты ұсыныстар талқыланған.

«Келесі аптада банктер туралы заң бірінші оқылымда қаралады. Біз әріптесім Бақытжан Базарбек екеуміз бірқатар қатаң өзгерістер ұсынбақпыз. Олай жасамасақ, мәселе шешілмейді», — деді депутат.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда алаяқтық несиелерге қарсы күресте бірқатар маңызды өзгерістер енгізілген:

Төрт таңбалы пароль арқылы несие рәсімдеуге тыйым салынды — тек биометриямен.

Егер биометрия дұрыс өтпесе, банктер кредитті өздері есептен шығаруға міндетті.

Әр кредитке 24 сағаттық «салқындату мерзімі» енгізілді.

Зейнеткерлер мен 21 жасқа дейінгі азаматтарға онлайн кредит шектелді.

“Дропперлерге” (алаяқтардың ақшасын өткізушілерге) қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Алайда депутаттың айтуынша, бұл шаралар жеткіліксіз болып отыр. Себебі Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі кей ұсыныстарға теріс қорытынды беріп, реформаларға кедергі жасап келеді.

Алдағы жаңа заң жобасында Әбенов 10 нақты шектеу енгізуді ұсынбақ:

Онлайн несие беру кезінде “келісімді қайтару” емес, “келісім беру” жүйесіне көшу;

Әр азаматтың алғашқы кредиті тек банк бөлімшесінде жеке келісім арқылы рәсімделуі;

Цифрлық қолтаңба тек eGov арқылы рәсімделуі;

Биометрия тек мемлекеттік платформада жүзеге асуы;

Төлем қабілеті жеткіліксіз адамға несие берілсе — банк кінәлі болып саналып, кредитті есептен шығаруы тиіс;

Бір уақытта бірнеше несие рәсімдеуге тыйым салу;

Әр операция “Антифрод орталығынан” тексеруден өтуі керек;

Кредит тек азаматтың негізгі телефон нөмірі арқылы рәсімделуі қажет;

Шоттан әр төлем кезінде биометриялық растау енгізу;

Егер алаяқтық несие рәсімделсе, жәбірленуші азамат емес, банк жауап беруі тиіс.

«Алаяқтармен азамат емес, банк соттасуы керек. Ақшасын өзі іздеп, өзі қайтарсын», — дейді Әбенов.

Мұрат Әбеновтің пікірінше, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі банктердің лоббистеріне айналған.

«Халық әбден шаршады. Бізге қарсы болғандар – банктердің лоббистері. Қанша былық ашсақ та, сол мемлекеттік органдар банктердің жағында. Енді мұны ашық айтамыз», — деп жазды депутат.

Депутаттың бастамасын әзірге Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Марат Башимов қолдап отыр. Депутат қоғам өкілдері мен әріптестерін де бұл бастамаға қосылуға шақырды.